Павлодарда тепловоз бен шағын
автобустың соқтығысуы салдарынан жарақаттанған 8 адамның үшеуі қайтыс болды.
Дәрігерлер алған жарақаттартың ауыр болғанын алға тартып отыр.
Айта кету керек, қаза тапқандардың
бәрі де студенттер. Қазір Ақсу қалалық ауруханасында осы жол апатынан зардап
шеккен бес адам жатыр. Олардың үшеуінің халі
орташа ауыр деп бағаланған. Екеуі жан сақтау бөлімінде. Бірінің бауыры жарылып
кетсе, екіншісінің бүйрегі зақымданыпты. Мамандар оларды аман алып қалуға бар
жағдайды жасап жатқанын айтады.
Ақсу қаласында кеше түскі 12-лер
шамасында тепловоз бен микроавтобус соқтығысып қалды. Пойыз қаладан, ал «Форд-Транзит» көлігі Ақсу ферроқорытпа
зауытынан шыққан. Полицейлердің мәліметінше, аталған кәсіпорынға тиесілі
автобуста Ақсу кәсіби-техникалық колледжінің 8 студенті болған. Олар зауытта
тәжірибеден өтіп жүріпті.
Алдын ала болжам бойынша, «Форд»
жүргізушісі теміржол өткеліндегі тепловозды байқамай қалған. Десе де, өткел маңында барлық қажетті белгілер қойылғаны
анықталды. Бүгінде бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ