$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Павлодарда тепловоз бен шағын автобустың соқтығысуынан жарақаттанған 8 адамның үшеуі қайтыс болды

AstanaTV
16.04.2014ж. 20:00
1384
Павлодарда тепловоз бен шағын автобустың соқтығысуынан жарақаттанған 8 адамның үшеуі қайтыс болды

Павлодарда тепловоз бен шағын автобустың соқтығысуы салдарынан жарақаттанған 8 адамның үшеуі қайтыс болды. Дәрігерлер дене жарақаттарының ауыр болғанын айтып отыр. Айта кету керек, қаза тапқандардың бәрі де студенттер.

Қазір Ақсу қалалық ауруханасында осы жол апатынан зардап шеккен бес адам жатыр. Олардың үшеуінің халі орташа ауыр деп бағаланған. Екеуі жансақтау бөлімінде. Бірінің бауыры жарылып кетсе, екіншісінің бүйрегі зақымданыпты. Мамандар олардың өмірі үшін күресуде.

Әлімжан Мұхамбетов, Павлодар облысының бас хирургі:

Үш пациент те ауыр, ми жарақаты тіркелді. Екі жағдайда өмір сүруі екіталай еді. Өкінішке орай, екеуі кеше кешкісін қайтыс болды. Бүгін таңертең тағы бір азамат қаза тапқанын естідік. Ол да ауыр ми жарақатын алған.

Апатқа ұшыраған «Форд» көлігінде болғандардың сегізі де студент. Олар Ақсу кәсіби-техникалық колледжінің 3-курс шәкірттері. Олар ферроқорыту зауытында тәжірибеден өтіп жүрген. Колледж директорының айтуынша, практика уақыты таңғы 8-ден 12-ге дейін жалғасқан. Кіре-берістегі жазбаға сәйкес сегіз бала сағат 12.15-те кәсіпорыннан шыққан.

Федор Кисенков, Ақсу қаласындағы №19 колледж директоры:

Біздің ұжым қаржы жинадық. Көмек болсын деп. 300 мың теңге. Қайтыс болған баланың әр отбасына 100 мыңнан бердік. Зауыт та қарап қалмасы анық.

Жол көлік апаты кеше түскі 12 шамасында Ақсу қаласы маңында болды. Тепловоз бен микроавтобус қақтығысып, автобустың бір жолаушысы сол жерде қаза тапты. Ауруханаға түрлі дене жарақаттарымен сегіз адам жеткізілген болатын. Жетеуі студент, біреуі 45 жастағы жүргізуші. Алдын ала болжам бойынша, «Форд» жүргізушісі теміржол өткеліндегі тепловозды байқамай қалған. Десе де, өткел маңында жол белгілері болғаны анықталды. Бүгінде бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер департаментінің ақпаратына сенсек, жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық Кодекстің 296-бабы бойынша іс қозғалды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ