Шымкентте Бадам өзенінің үстінен өтетін аспалы көпір бір түнде құлап қалды.
Жаяу жүргіншілер өтетін өткел тасқынға төтеп бере алмапты. Салдарынан Чапаев
пен Забадам елді мекені тұрғындарына, әсіресе мектеп жасындағы балаларға қиын
соғып тұр.
Диана Әбдірайымова:
Көпірдің құлағанына үш күн болды. Мына көпірмен күнде өтетінбіз. Мектебім
мына көпірдің ар жағында. Көпір бар кезде, мына жермен өте салатын едік. Қазір
автобуспен қатынап жүрміз. Ақша да кетеді, сабаққа да кешігіп барамыз. Бұл
көпірді қашан жөндейді екен?
Жергілікті тұрғындардың дені қазір аттам жердің орнына қоғамдық
көлікке тәуелді болып қалыпты. Алайда қауіпті болса да, төте жолмен жүріп
жатқандары да баршылық. Себебі екі ауыл таяқ тастам жерде орналасқан. Бар болғаны
өзеннің екі жағында. Көпірдің тіреуіштері ағысы қатты тасқынға шыдас бермей
опырылып түсті дейді тұрғындар. Осының салдарынан Сәуле мен Қазығұрт шағын
аудандарының бес мыңдай халқын сумен қамтып отырған үлкен құбыр да істен
шыққан.
Қазір оқиға орнында жұмыс істеген жауапты мамандар ауыз су
мәселесіндегі қиындықты қалпына келтірдік деп ақпар таратты. Ал жергілікті
атқамінерлер бұл көпір қаланың қарамағында мүлдем жоқ дегенді көлденең тартып
отыр. Дегенмен су мөлшері төмендесе, жөндеу жұмыстары басталады деп
сендірді.
Нұрлыбек Жеңісбек, Шымкент қаласы әкімі аппараты баспасөз қызметінің
жетекшісі:
Бұл көпір қаланың балансында емес. Иесіз көпір. Жергілікті тұрғындардың
тарапынан кезінде асарлату тәсілімен салынған. Кешегі судың көлемі шамадан тыс көбейіп
кетуіне байланысты қазіргі таңда көпірдің жарамсыз күйге қалғаны белгілі. Бірақ
қала әкімдігі тарапынан ол көпірді жеке кәсіпкерлердің қолдауымен қайта жөндеп
беруге ниетті болып отырмыз. Ол үшін, әрине, қазіргі таңда төтенше жағдайлар
басқармасынан бізге арнайы қорытынды қажет.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ