$498.51 €522.84 ₽4.81
×

30 жылдан астам жер астында еңбек еткен кеншілердің алатын зейнетақы көлемі 17 мың теңге

AstanaTV
16.04.2014ж. 20:00
1491
30 жылдан астам жер астында еңбек еткен кеншілердің алатын зейнетақы көлемі 17 мың теңге

Зырян қаласының бұрынғы кеншілері, 1998 жылға дейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақыларын көтеру туралы талап қойып отыр. Біздің арнаның журналистеріне жүгінген олар Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі бұл өтінішіне құлақ асады деп үміттенеді. 30 жылдан астам жер астында еңбек еткен кеншілердің бүгінде алатын зейнетақы көлемі небәрі 17 мың теңге.

Өмір бойғы ауыр еңбек үшін мемлекет тарапынан төленетін зейнетақының мұнша аздығына наразылық танытқан ардагерлердің шағымданбаған жері жоқ. Тіпті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне дейін арызданып, хат жолдағандарын айтады. Алайда еш нәтиже жоқ. "Жиырма мыңға да жетпейтін зейнетақыға не тамақ, не дәрі-дәрмек аларымызды білмейміз", - дейді күйінген қариялар.

Сергей Сутенко, Зырян қаласының тұрғыны, зейнеткер:

Бұл әділетсіз. 30 жылғы ауыр еңбек үшін зейнетақының мұнша аз төленуі қорлықпен тең тіпті.

Николай Огнев, Зырян қаласының тұрғыны, зейнеткер:

Бізге төленетін қайыршының зейнетақысымен не емделе алмаймыз, не тамаққа жетпейді. Өмір бойы жер астында еңбек еттік. Сонда мемлекеттің бізге деген қамқорлығы осы ма? Мемлекет басындағы азаматтар біздің жағдайымызды естісе екен.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық мамандары бұл азаматтарға төленетін зейнетақы көлемі заңмен бекітілген. Сондықтан қолдан келер қайран жоқ деп отыр.

Елена Бодрая, ШҚО зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы:

Бізде зейнетақы төлеудің екі ережесі бар. 1998 жылға дейін зейнетке шыққан азаматтарды алып қарайтын болсақ, олардың еңбек өтілі ескерілген. Өкінішке орай, оларға төленетін зейнетақы көлемі тым төмен болып келеді.

Қанат ОРАЛБЕК