$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Малайзияда өтіп жатқан турнирдің ширек финалына жолдама алды

AstanaTV
17.04.2014ж. 10:00
1240
Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Малайзияда өтіп жатқан турнирдің ширек финалына жолдама алды

Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Малайзияда өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалына жолдама алды. Дәрежелі жарыстың екінші кезеңінде отандасымыз Италия теннисшісі Джулио Гатти Монтиконені екі сетте айналып өтті. Енді Зарина Дияс Словакия спортшысы Доминика Цибулковамен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.



Сербия теннисшісі Новак Джокович Монте-Карло қаласында өтіп жатқан «Мастерс» турнирінің екінші кезеңіне жолдама алды. Алғашқы кездесуде әлемнің екінші ракеткасы - Испания спортшысы Альберт Монтанеспен кортқа шықты. Кездесу басынан ойын тізгінін қолына алып қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеген Джокович бірінші сетте 6:1 есебімен алға шықты. Үзілістен кейін де алған бетінен қайтпаған аталған жарыстың өткен жылғы жеңімпазы ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Альберт Монтанес келесі кезең жолдамасынан құр қалды.

Келесі ойында Испания спортшысы Давид Ферер Франция теннисшісі Жереми Шардимен ракетка түйістірді. Бұд кездесуде бір жақты өтті. Табиғи төсенішті хас шебері Ферер-екі сетте де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қарсыласын уақытынан бұрын үйіне қайтарды.



Бүгін Испанияның Валения қаласында футболдан король кубогы сарапқа салынады. Ақтық сынға жолдама алған «Барселона» және «Реал» клубтары өзара мықтыны анықтайды. Биылғы маусымда командалар ел чемпионаты аясында екі мәрте жолығып, екі жолы да каталондық футболшылар үздік шықты. Дегенмен, соңғы уақытта сылбыр қимылдаған Херардо Мартиноның шәкірттері чемпиондар лигасынан шығып қалып, премьерада үшінші сатыға түсіп қалды. Сондықтан, «Барселона» футболшылары үшін бұл кездесу өте маңызды.

Команда сапында жарақат алған ойыншылар аз емес. Қақпашы Виктор Вальдес, қорғаушылар Жерар Пике, Карлос Пуйоль және Марк Бартра. Дегенмен, бас бапкер Пуйоль мен Пикені тізімге қосты. Бірақ, аталған ойыншалырдың кездесуге қатысу дәрігерлердің шешіміне байланысты. «Реал» сапында шабуылшы Криштиану Роналду мен қорғаушы Марсело жарақатына байланысты ойыннан тыс қалды.

Самат ҚАНАҒАТОВ