$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Журналист Жарылқап Қалыбай фашистік көзқарасты жақтады деген күдікке ілінді

AstanaTV
18.04.2014ж. 20:00
1694
Журналист Жарылқап Қалыбай фашистік көзқарасты жақтады деген күдікке ілінді

Танымал баспагер әрі журналист Жарылқап Қалыбайдың басы тағы да дауға қалды. «Аңыз адам» және «Жұлдыздар отбасы» журналдарының құрылтайшысы "фашистік көзқарасты жақтады" деген күдікке ілінді. Еліміздің Байланыс және ақпарат агенттігі «Аңыз адам» басылымының сәуір айындағы саны мұқабасында Адольф Гитлердің суретінің жариялануын алауыздақ туғызу әрекетіне балап отыр.

Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат агенттігінің баспасөз қызметі: 

"Басылым осы жылдың сәуір айындағы нөмірінде Қазақстан Республикасының Ата заңында белгіленген кейбір талаптарды бұзған. Мақалаларда әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру белгілері бар пікірлер мен көрнекілік құралдары көрініс тапқан. Бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 164 бабы негізінде қудалауға жатады".

Ал өз кезегінде журналист бүгінгі мәлімдемелерді өзіне жабылған жала деп есептейді. Айтуынша, бұл жерде саясаттанушылар мен тарихшылардың Гитлер туралы пікірі басылған. "Агенттік өкілдері журналда жарияланған деректерді терең сараптамай, үстірт қарап шыққан. Сондықтан олардың таққан айыбымен келіспеймін дейді", - басылымның бас редакторы.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы күзде Жарылқап Қалыбай «Скат» әуекомпаниясының бортсерігімен мемлекеттік тіл үшін сөзге келіп, қоғам назарын өзіне аудартқан болатын.

Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» журналының бас редакторы:

Бұл медиажоба, сұхбат журналы. Бұл жерде тек сұхбат аламыз. Біз бұл жерде 40-50 мамандардан, саясаттанушылардан, тарихшылардан пікір алдық.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ