Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауылындағы дау басылар емес

AstanaTV
22.04.2014ж. 20:00
1620
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауылындағы дау басылар емес

Алдауға түсіп, ауылға айдалғаны ма? Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауылындағы дау басылар емес. «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы аясында бұл елді мекенге екі жыл бұрын облыстың әр түкпірінен тұрмысы төмен 60 отбасы көшірілген. Бірақ жаңа қоныстағы қуаныш ұзаққа созылмады. Жауапты орындардың әу бастағы уәдесі аяқсыз қалған. Осы жағдайға күйінген тұрғындар жағдайларының жоқтығын айтып шағымдануда. 

Асан Төреғалиев Казталов ауданынан Бөрліге екі жыл бұрын көшіп келген. Айтуынша, туған жерінде екі қолға бір күрек таппаған соң, жаңа ауылда жұмыспен қамтимыз деген уәдеге сеніпті. Бірақ әлі жұмыссыз.

Асан Төреғалиев, Бөрлі ауылының тұрғыны:

Ауылдан малымды саттым, машинамды саттым. Көшіп келдім. Енді қайта алмай отырмын. Баратын үй жоқ, сатып жібердім, мал жоқ, жұмыс жоқ. Ауылда хозяйкам школда жұмыс істеді. Машинамен таксовать еттім. Ескі болса да, УАЗИКпен Орал мен екі ортада. Енді қазір жұмыс жоқ отырмыз. Атырауға бардым, Тенгизге бардым. Одан айлық бермейді, қайтып келдім былтыр.

Асан сияқтылар бұл ауылда жетерлік. Олардың барлығы 2012 жылы «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы аясында облыстың әр ауданынан Бөрлі ауылына көшірілген. Бұл бағдарлама тұрмысы төмен отбасыларға жаңа үй беріп, жұмыспен қамтып, жағдайын жақсартуды көздеген еді. Бірақ игі бастама қайырсыз болды - көшіп келгендерге тәуір қызмет табылмай қойды.

Айгүл Қайырлиева, Бөрлі ауылының тұрғыны: 

70 мыңнан айлық, балаларыңа садик бар, мұнда бәрі бар деген... енді дым жоқ.

Гүлмира Мұрзағалиева, Бөрлі ауылының тұрғыны:

Әуелден түсінік жүргізу керек еді біздерге, мына 20-30 жыл төлейсіңдер жаңағыдай, 16 мыңнан десе, біздер алдымыздағы бір-екі бас малымызды сатып келмейміз мұнда.

Мәдина Қажықайырова, Бөрлі ауылының тұрғыны:

Біздер амалсыздан қол қойдық контрактыға, бүгін қол қоймасаңыздар, ертең Камазбен келеміз де, көшіреміз деді. Біздер енді қорқып-қорқып болдық. Бізді көшіріп апарып тастаңыз, қазір апарып тастаңыз. 

Кезінде тегін беріледі деген үй үшін ауылдықтар қазір коммуналдық қызмет пен өзге де шығындардан бөлек, айына 16 мың 400 теңге төлейді. Айлығын шайлығына жеткізе алмай отырғандар үшін бұл әжептәуір салмақ. Ал әкімдік өкілдері барлығы тұрғындардың келісімімен жасалғанын алға тосады. Айтуларынша, әкімдік тарапынан ауылдықтарға түрлі көмек көрсетіліп, ауылдағы еңбекке жарамды 130 адамның 97-сі жұмыспен қамтылған. Балабақша салу да биыл қолға алынады деді.

Ольга Басимова, Бөрлі аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы:

Бұл азаматтар мұнда көшпес бұрын екі жақты жасалған келісіммен танысты. Сондықтан бізге өкпесі жоқ. Келгелі бері 3 жыл болды, енді өздері тірлік қылуы керек. Тегін нәрсе еш жерде жоқ. Мүмкіндігінше, оларға атаулы әлеуметтік көмек беріп, жұмысқа орналастырып жатырмыз. Бірақ жалақысы жоғары қызметке тұру үшін, білімің де жоғары болуы керек. Өкінішке орай, жоғары білімділер бұл ауылда жоқ.

Екіжақты шарт бойынша жаңа ауылға қоныстанғандар берілген баспананы 5 жылға жалдап тұрады. Кейін қолма-қол ақшаға немесе банк арқылы сатып алуы керек. Үй бағасы 40 мың доллар. Бұл бағаны Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігі бекітіпті. Ал облыстағы өзге аудандарда баспана бағасы айтарлықтай арзан. Мамандар баға айырмашылығын бұл үйлердің ағаштан салынғандығымен түсіндіреді. Өйткені ағаш үйдің пайдалану мерзімі кірпіш үй секілді 75 жыл емес, одан екі есеге аз - бар болғаны 30 жыл ғана. Осыны айтқан ауыл әкімі ауылдастарына жәрдем беруге дәрменсіз екенін мойындайды.

Владимир Баштовенко, Бөрлі ауылының әкімі:

Тығырықтан шығу үшін үйдің жарамдылық мерзімін ұзарту керек. Немесе үйдің жалға алу бағасын арзандату керек. Бірақ бұл іс тек үкіметтік деңгейде ғана шешіледі. Біз де қарап отырмай, Батыс Қазақстаннан сайланған Парламент депутаттарынан осы мәселеге араласуын сұрап, хат жолдап жатырмыз.

Ауыл басышысының пайымынша, енді аймақтан сайланған депутаттардан қандай да бір көмек болмай, жағдай шешілмесі анық. Өйткені 3 жылдың ішінде бұл ауырлықты көтере алмаған 3 отбасы кері көшіп кеткен.

Еркін ҚАРИН