$480.61 €534.53 ₽5.28
×

1 шілдеден бастап БЖЗҚ әр салымшыға зейнетақы жинағы туралы ақпарат беріп отырады

AstanaTV
22.04.2014ж. 20:00
1345
1 шілдеден бастап БЖЗҚ әр салымшыға зейнетақы жинағы туралы ақпарат беріп отырады

Бірінші шілдеден бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әр салымшыға зейнетақы жинағы туралы ақпаратты беріп отырады. Бұл туралы Мәжілісте өткен «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді.

Қайрат Келімбетов жеке зейнетақы қорларын бір ортаға шоғырландыру жұмысының нәтижесі туралы есеп берген болатын. Өз сөзінде ол ауыстыру барысында салымшылар қаржысының жоғалуы ықтимал екенін мойындады. Бірақ төраға оны болмашы ғана сома деп есептейді. Айта кетерлігі, жеке зейнетақы қорларындағы қаржыны бір жерге жинап, мемлекеттің бақылауына өткізу процесі наурызда аяқталды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 9 миллионнан астам салымшы өткен. Ал зейнетақы салымының мөлшері - 4 триллион теңге. 

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Заңға сәйкес біз әр азаматқа оның зейнетақы есебі туралы ақпаратты жылына бір мәрте беріп тұруға міндеттіміз. 2014 жылы зейнетақы есебі туралы мәліметтерді әр салымшыға жеткіземіз деп сендіргім келеді. Хабарлама туралы Үкіметпен кең ауқымды бағдарлама қабылдаймыз. Онда әр салымшы өзінің жинағына қатысты ақпаратты қалай алатыны туралы мәлімет болады.

Алайда өткен аптада Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова: "Салымшылар есепшоттарына қанша қаржы жиналғаны туралы мәліметті дер кезінде ала алмайды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысы көлеңкелі", - деп күдік келтірген еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ