$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Атырауда сәбиіне екпе салғызудан бас тартатын ата-аналар саны артып отыр

AstanaTV
23.04.2014ж. 10:00
1961
Атырауда сәбиіне екпе салғызудан бас тартатын ата-аналар саны артып отыр

Атырауда сәбиіне екпе салғызудан бас тартатын ата-аналар саны артып отыр. Дәрігерлердің дерегіне сенсек, олардың көпшілігі діни ұстанымдағы отбасылар.

Тек өткен жылы 300-ден аса бөбек жұқпалы аурудан қорғайтын вакцина алмаған. Есесіне дәл сол сәбилер арасында ауыр науқасқа шалдыққандар кездесуде. Облыстық перзентханадағы жас, болашақ аналармен кездескен мамандар түрлі мысалдармен, екпенің пайдасы туралы жан-жақты түсінік берді. Қазір аймақта бір сәби өкпе дертімен өте ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Оған жаңа туған кезінде бұл ауруға қарсы екпе салынбаған. Дәлірек айтсақ, ата-анасы нотариалды қолхат ұсынып, келісім бермепті.

Амантай
Жұмағалиев, Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

2011
жылы 100-ден аса факті болса, 2012 жылы 200-ден асты. 2013 жылдың қорытындысымен 324 ата-ана екпеден бас тартып отыр. Олардың барлығы діни үғымдары теріс адамдар. Енді дұрыс еместігін екі фактімен ғана келтіріп кетейін, осындай екпеден бас тартқан босану үйінде ата-анасы еккізбеген екі бала туберкулез ауруымен ауырып қалды. Оның 2013 жылы, біреуі биыл ауырып жатыр. Бірінші жағдайда да, кеше болған екінші жағдайда да ата-аналар дәрігерлерді кінәлайды. Дұрыс түсіндірмедіңдер деп, бірақ өздерінің жазып берген қолхаты бар.

Бұл жағдайда дәрігерлер дәрменсіз. «Халық денсаулығы туралы» кодексте «Қазақстанның әрбір азаматы жұқпалы ауруларға қарсы екпе алуға міндетті» деп жазылған. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің өз тәртібі бойынша екпе жасатуға ата-ана келісімін беру керек. Келіспеуге де құқылы. Осыны пайдаланған діни ұстанымдағы ата-аналар балаларына екпе салғызудан жаппай бас тартуын тоқтатпай келеді. Екпеден бас тартуды ислам дінімен байланыстыру жөнсіз. Өйткені ислам екпеге қарсылық танытпайды, - дейді теологтар.

Бекжан Жахин, Атырау облыстық дін істері жөніндегі басқарманың дінтанушы-маманы:

Ислам бұған қарсылық танытпайды. Білетін болсаңыздар, бес парыздың бірі, қажылыққа барғанның өзінде де мұсылмандар екпе алып, қажылыққа барады. Ал ислам діні бұған қарсылық білдіретін болса, екпе алғызбас еді. Өйткені білесіздер, қажылыққа қаншама адамдар барады, ол жерде ауруға шалдығатындар да бар, сол себептен оларға екпе еккізіледі.

Базаргүл ІЗІМОВА