$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Павлодарда әкімдік қала мен өнеркәсіп ауданын бөлетін саябақты жоюға келісім берген жоқ

AstanaTV
23.04.2014ж. 13:00
1089
Павлодарда әкімдік қала мен өнеркәсіп ауданын бөлетін саябақты жоюға келісім берген жоқ

Павлодарда сүрілуге шақ қалған бақ қалпына келтірілетін болды. Жергілікті әкімдік жоспарланған көп қабатты үйлерді басқа жерде салатынын мәлімдеді. Сөйтіп, 5 мыңдай жасыл желегі бар аумаққа, болашақта ресми түрде «саябақ» статусы берілмек.

Сәуірдің басында Ворушин бағы маңындағы тұрғындар, үй алдындағы ағаштарды кесуге наразылық білдіріп жатқанын жаңалықтарымызда көрсеткен болатынбыз. Сол кезде билік аталған аумаққа жаңа шағын аудан салуды жоспарлағанын жеткізген. Су жаңа 16 баспананы тұрғызу үшін, тіпті, үш мыңнан астам желекті кеспек болды.

Алайда, биліктің бұл әрекетіне бұқара қарсы шықты. Жан айқайларын олар БАҚ арқылы жеткізіп, зауыттан келетін зиянды ауадан өздерін қорғап тұрған ағаштарды сақтап қалуды сұраған-ды. Сәуірдің 12-нде Павлодарға жаңа әкім тағайындалып, ол бірден осы іспен айналысқан.

Айтуынша, мәселені оңтайлы шешуді өңір басшысы тапсырыпты. Тұрғындармен кездесіп, жан-жақты сараптаған Болат Бақауов саябақ орнында қалатынын айтты. Бірақ, халық аумақты реттеп, тазарту жұмыстарына ат салысса деген тілегін де білдірді. Ал, осы жерде тұрғылызуы тиіс үйлер қаланың басқа бөлігінде салынбады деді.

Болат Бақауов, Павлодар қаласының әкімі:

Алдында дұрыс жұмыстар жүргізілмеген. Қоғамдық тыңдау өткізу керек. Ол мезгілінде жасалмаған. Болашақта саябақ болады. Абаттандыру жасаймыз. Саябақ статусын береміз.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ