$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Шығыс Қазақстанда ауа температурасы -8 градусқа төмендесе, Алматы ақ ұлпаға оранды

AstanaTV
23.04.2014ж. 20:00
1672
Шығыс Қазақстанда ауа температурасы -8 градусқа төмендесе, Алматы ақ ұлпаға оранды

Еліміздің кей жерлеріне қайтадан қыс келді. Шығыс Қазақстанда ауа температурасы минус 8 градусқа дейін төмендесе, Алматы ақ ұлпаға оранды. Табиғаттың тосын мінезін әріптесім Қанат Оралбек зерттеп көрді.

Аяқ астынан ауа-райы мінез танытып, шығыс қазақстандықтарды әбігерге салды. Аймақта қар аралас боран соқты. Көлік қозғалысы қиындады. Секундына 25 метр жылдамдықпен үдей соққан қатты жел талай нысанның шатырын ұшырып кетті.

Мысалы, Абай ауданында банк филиалының шатыры түгі қалмай қираған. Осыған ұқсас жағдай Катонқарағай, Аягөз аудандарында да орын алды. Сондай-ақ көзге түртсе көрінбейтін бораннан Абай ауданында бір отар қойды алдына салған шопан адасып кеткен.

Серғазы Садықов, Шығыс Қазақстан облысы ТЖД құтқару бөлімінің басшысы:

Күннің қолайсыз болуынан республикалық маңызы бар тас жолдар жабылды. Абай ауданында малшы жоғалып кетті. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп табылды. 

Жалпы биыл Шығыс Қазақстанда табиғат мінезі тосын. Аймақта қаңтардың соңына дейін қар жаумай, қара жердің шаңы шығып жатқан болатын. Кешеуілдетіп жеткен қыс жайлы болды. Ал наурыздың ортасында күн қатты ысып кетті. Кеше қар жауып, бұрқасын болды. Өңір тұрғындары ауа-райының мұндай қолайсыздығын күтпегендерін айтуда.

Александар Саенко, Өскемен қаласының тұрғыны:

Жолдар онсыз да жаман еді, боран күндері мүлдем жүре алмай қалдық. Кейбір жерлерде жол белгілері қойылмаған. Күн суытқан соң, тоңып, міне, қалың киініп те алдық. Жылынады деп үміттенеміз енді.

Тұрғындар күннің суытуынан өңірде жер өңдеп, егістік егу жұмыстары да кешеуілдеп тұрғанын айтты. Олар сәуірдегі суық алқаптардың бітік шығуына кедергісін келтіреді деп қауіптенеді. Дегенмен ауа-райын бақылап отырған мамандардың байламы көңілге қонымды.

Анар Байқадамова, «Қазгидромет» ШҚО филиалының жетекші инженер-синоптигі:

Облысымыз бойынша қарлы жауын, бұрқасын болды. Кей жерлерде -5, -8 градусқа дейін төмендеді. Алдағы күндері ауа-райы +20 градусқа дейін жылынады.

Айта кетейік, Алматыда да күн суытты. Кеше кешке жауған жаңбырдың соңы қарға ұласты. Сәуірдің соңы суытатынын ауа-райын болжаушы мамандар бұған дейін бірнеше рет хабарлаған.

Айта кетейік, кейінгі 10 жыл ішінде Алматы қаласында дәл осындай суық сәуір 2002, 2003 және 2009 жылдары болған. Бір тәуліктің ішінде жаз бен қысты көрген қала тұрғындары бүгін біраз абдырап қалғаны рас. Дегенмен, ауа-райын болжаушылар ертең, яғни 24-ші сәуірден бастап, күн қайта жылиды дейді.

Қанат ОРАЛБЕК