Бүгін - Халықаралық кітап күні. Ақтөбелік кітапханашылар мен студенттер бұл
мерекені кеңінен атап өтуді ұйғарды. Соңғы уақытта "артық білім кітапта,
ерінбей оқып көруге" деушілердің қатары көбейіп келеді. Бұл әрине
қуанарлық жайт. Дегенмен белсенді жастар барлық қазақстандықты қызықты даладан
емес, кітап парақтарынан іздеуге шақыруда.
Нұрғали Ерғали бүгінгі күннің белсенді өкілдерінің бірі, студент. Жастар
бірлестігінің мүшесі. Әр күні минуттарға бөлініп қойған болашақ мұнайшы кітап
оқуға да уақыт табуға тырысамын дейді. Зыр-жүгірген заманда өз біліміңді
арттырудың бірден-бір жолы электрондық кітаптарға иек артқан. Ұялы телефонның
мүмкіндіктері кез келген шығарманың "қолтықта" ұстауға мүмкіндік
беретініне қуанады.
Нұрғали Ерғали:
Ғаламтордан әртүрлі кітаптарды жазып алып, күнделікті жүретін саябақтарда,
көшеде жүріп те оқуға болады. Дәстүрлі кітаптарға келетін болсақ, біріншіден,
қаражат қажет. Және де қазіргі уақытта жастардың қолынан дәстүрлі кітаптарды
көп көре бермейсің. Ол үшін уақыт керек кітапханаға барып тұратын.
Қоғамда бүгінгі жастар кітапты қолына алмайды деген пікір қалыптасқан.
Тарихқа көз салсақ, Кеңес Одағы кезінде халық кітапты іздеп жүріп оқыса,
тоқырау жылдарында кітапханалар жабылып, дүкен сөрелерінен кітап жоғалды. Бірақ
қазір кітапхана аралайтындар саны артыпты.
Айгүл Қырымқұлова, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық кітапханасы
директорының орынбасары:
Енді оқырмандар бізге келеді. Кітапханаға бір күннің ішінде 300-ге жуық
оқырман келеді. Соған қарағанда кітаптың құндылығы әрқашан жоғары болады.
Дегенмен 360 мың дана кітабы бар облыстық кітапхана үшін күнделікті
келушілер саны әлі де болсын аздық етеді. Оның үстіне мұндағы кітаптардың басым
көпшілігі тақырыптық әдебиет. Ал көркем шығарма іздеп, шарқ ұратындар пайызы
тым төмен. Зейнетке шығып, мұғалімдіктен қол үзген Құлжан Даумов солардың
қатарында. Әлем әдебиетінің классиктерімен қатар бүгінгі авторлардың да
шығармасын үзбей оқуға тырысады. "Ал насихат тиісті тұрғыдан жүргізілсе, өзгелер
де қабат-қабат қаттаманы іздеп жүріп оқиды", - дейді.
Құлжан Даумов:
Жастар қазір оқуға онша құштарлығы жоқ қой. Өте аз оқиды. Көбіне сол ана
қолдарындағы интернет дейді, планшет дейді, соған қарап, соның мүзыкасын тыңдап.
Көп оқу үшін көп үгіт-насихат керек шығар. Кітаптарды насихаттау керек шығар.
Әдебиет жанашырларының пікірі жарнаманың жоқтығы кітапқа сұранысты азайтады
дегенге саяды. Алыстан мен мұндалап тұратын кинофильмдердің афишасы іспетті,
жаңа әдеби шығарма насихатталса дейді. Ал әзірге Ақтөбеде Халықаралық кітап
күні жастардың флешмобымен ғана шектелді.
Мансұр ЕСҚОЖИН