$479.05 €534.57 ₽5.17
×

АН-72 ұшағының апатына қатысты сот отырысында дүйсенбі күні үкім шығады

AstanaTV
24.04.2014ж. 20:00
1132
АН-72 ұшағының апатына қатысты сот отырысында дүйсенбі күні үкім шығады

АН-72 ұшағының апатына қатысты сот отырысына дүйсенбі күні үкім шығады. Апатқа кінәлі деп айыпталған Қанат Ақылбековке бүгін соңғы сөз берілді. Ол шекара қызметінің қаймақтары мінген әскери ұшақта қаза тапқандардың туыстарына көңіл айта отырып, тек әуе апатына кінәлі «өзгелер» дегенді нықтап айтты.

Қанат Ақылбеков, айыпталушы:

Әуе кемесінің апатына тікелей кінәлі адамдар кешірім сұрап, сот залына әкелінуі тиіс еді, алайда тергеу қандай да бір себептермен олар туралы тіс жармай отыр. Маған қарсы қозғалған іс тек жорамалдарға және әуе кемелерінің қызметіне мүлдем қатысы жоқ мамандардың пайымына құрылған.

Айта кетейік, 27 адамның өліміне кінәлі деп жауапқа тартылған 29 жастағы Қанат Ақылбековке қатысты 42 томнан тұратын қылмыстық іс Абай аудандық сотында қаралып жатқанына екі айға жуықтады. Айыптаушы тарап, АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына Қазаэронавигация диспетчерінің кәсіби біліктілігінің төмендігі себеп деген-ді. Мемлекеттік айыптаушы әуе диспетчерін 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрап отыр. Алайда жәбірленушілердің туыстары бұл тым жеңіл жаза деп санайды.

Тұрсын Нұрахметов, қаза тапқан экипаж командирінің әкесі:

Мен 10 жылдан кем бермеуін сұраймын. Ол 27 адамның опат болуына жол берді. Қаншама бала жетім, әйелдері жесір қалды. Диспетчер жәбірленуші біздерден кешірім сұраған да жоқ. Мен бұл қасірет соның қателігінен болды деп санаймын. Он жылдан кем бермеу керек оған.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2012 жылдың 25 желтоқсанында болды. Әуе апатынан мерт болған 27 адамның жетеуі - экипаж мүшесі. Жиырма жолаушының он тоғызы шекара қызметінің жоғарғы шенді қызметкерлері. Әскерилер тобы жылды қорытындылаған жиынға қатысып Астанадан Шымкентті бетке алып шыққан. Алайда АН-72 әскери ұшағы діттеген жерге санаулы шақырым қалғанда, күл талқан болды. Алғашқыда апатқа себеп болған басты фактор ауа-райының қолайсыздығы деп айтылған болатын.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ