Павлодарда «Энтузиаст» саяжай кешені отқа оранды. Төтенше
жағдай мамандары берген ақпаратқа сай, тілсіз жау иесіз жатқан 39 жер телімін
шарпыған. Қызыл жалын жалпы аумағы шамамен 3,2 гектар жерді қамтыған.
Сол маңдағы қамыс пен құрғақ шөп жанып, жалпы саны 18 саяжай зақымданған.
Нақтырақ айтқанда, баспаналар маңындағы ағаштар мен шарбақтар жанып кетті.
Қазір саяжайлардың кімге тиесілі екендігі анықталып жатыр. Оқиға орнында 8 өрт
сөндіру бірлігі мен 21 өрт сөндіруші жұмыс істеді. Сонымен қатар, «Су арнасы»
кәсіпорнының бір техникасы тілсіз жауды ауыздықтауға ат салысқан. Бүгінде
өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемі есептелуде. Алдын ала
болжамға сәйкес, төтенше жағдайға қураған шөптің жануы түрткі болуы ықтимал.
Михаил Романевич, Павлодар қаласы ТЖБ басшысы:
Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Өрттің себебі анықталады.
Негізі, саябақтағы өрттер - адами фактордан болады. Көріп тұрғанымыздай, жел де
қатты. Саябақтарда қазір қоқыстарды тазарту жұмыстары басталды. Бір жерде шоқ
қалып қоюы ықтимал. Тексереміз, анықтаймыз.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ