Таразда оқушының оқыс қылығынан
зардап шеккендер саны артты. № 21- мектепке шашылған улы газдан иістенгендер
саны 54-ке жетті. Қаладағы ауруханаларға кешелі бері 44 оқушы мен 10 ересек
адам түскен. Кешегі жаңалықтарымызда хабарлағанымыздай, аталған мектептің 11
сынып оқушысы улы газ баллонын мектеп дәлізіне шашып кеткен. Ал бүгін осы
оқиғаға байланысты қала әкімшілігі баспасөз жиынын өткізіп, жағдайдың
жай-жапсарын журналистермен бөлісті.
Білдей білім ошағын дүрліктірген
баланың қылығы - баспасөз жиынында сөз болды. Қала әкімшілігі 21-мектепте
болған оқиғаға байланысты сары уайымға салынатындай себеп жоқ дейді. Сабақтар
бүгін екінші ауысымнан қайта басталды.
Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі:
СЭС пен ЧС-тың лабораториясы келіп, тиісті өлшеулер мен
тексерулер бүкіл ғимаратқа жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде ешқандай улы
заттар ғимаратта қалмаған. Тарап кеткен. Сол себепті ресми түрде бізге сабақты
жүргізе беруге рұқсат берді.
Ал зардап шеккендердің саны
туралы әр мекеменің дерегі әртүрлі. Жамбыл облыстық төтенше жағдай департаменті
таратқан хабарлама бойынша, ауруханаға 54 адам түскен. Ал облыстық денсаулық
сақтау басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарды. "Өйткені зардап шеккендер саны
тек ауруханаға жатқандар бойынша есептеледі", - дейді.
Салтанат Жамалбекова, Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау
департаменті бастығы:
Жалпы екі аурухана - қалалық және облыстық ауруханасына
39 бала жеткізілді. Көмек дер кезінде көрсетілді. Жалпы ауыр халдегі балалар
қазір жоқ. Балалардың жағдайы тұрақты түрде. Көбісі жіберілді үйіне. 20 шақты
бала әлі де ауруханада жатыр.
Анықталғандай, 11-сынып оқушысы
Алмас Ауғанбаев орыс тілі сабағынан сұранып шығып, сотқарлық жасаған. Ал қалалық білім бөлімі болған жағдайға байланысты мектеп директоры мен оның екі
орынбасарына және сабағына салғырт қараған орыс тілі мұғаліміне қатаң сөгіс
беріпті. Ал құзырлы орган қызметкерлері оқушыға әзірге жаза қолданбаған.
Талғат Сәулебаев, Тараз қалалық ІІБ бастығының
орынбасары:
11-сынып оқушысы газ баллонын шашып, өзінің
сыныптастарымен қалжыңдағысы келген екен. Мұны ол балалықпен жасаған. Дәл
қазіргі уақытта №3 полиция бөлімі бұл іспен айналысып жатыр. Қандай жаза
болатыны процессуалды шешім шыққаннан кейін белгілі болады.
Ерлан Баймұрзаев, Тараз қалалық ІІБ Лицензиялау және
қару айналымын бақылау бөлімшесінің бастығы:
Қызыл бұрышты баллонды ұстамау керек деген заң жоқ.
Бұл бала қолданған баллон аңшылық дүкендерде сатыла береді. Сондықтан мұндай
газ баллондарының денсаулыққа ешқандай зияндығы жоқ.
Айтқандай-ақ құзырлы орган
қызметкерлері адамның денсаулығына ешқандай зиян келмейді дейді. "Ал олай
болса, неліктен 54 адам зақымданды?" - деген сұрағымызға ешкім нақты жауап бере
алмады. Оның үстіне ауаға қанша мөлшерде және қандай газ таралғанын да нақты
айтпады.
Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ