Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодар облысы Ресейдің шекаралас үш аймағымен әріптестік байланысты нығайтуда

AstanaTV
30.04.2014ж. 20:00
1214
Павлодар облысы Ресейдің шекаралас үш аймағымен әріптестік байланысты нығайтуда

Павлодар облысы Ресейдің шекаралас үш аймағымен әріптестік байланысты нығайтуда. Тек соңғы үш жылдың ішінде тауар айналымы екі есеге артқан. Бүгінде арадағы алыс-беріс көрсеткіші 3 млрд АҚШ долларына жетіп отыр.

Тараптар осы қарқын жалғасса, жуық арада көрсеткіш бұдан да арта түсеріне сенімді. Қуантарлығы, өзара ынтымақтастық өндіріс саласымен шектелмейді. Бұл жерде агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік пен сауда, әлеуметтік бағыттағы қатынас та бекіп келеді. Шекаралас аймақтардың қазіргі ахуалы өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызының сараптамасында.

Сәкен Дүйсенбеков елдегі кабельдік торап шығаратын ірі зауытқа осыдан 10 жыл бұрын өндірістік тәжірбиеден өтуге келген. Кейін жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, кәсіпорында қалуды ұйғарыпты. Бастапқыда ауысымдық жұмыста істеп, кейін нығыздаушы болып ауысады. Бүгінде жоғарғы санаттағы маман. Жаңа технологияларды игеріп, кәсібін шыңдауда.

Сәкен Дүйсенбеков, жоғары санаттағы нығыздаушы:

Шикізатты волочениеден өткіземіз. Сосын біз мына машиналарда біз жилаларды істейміз. Кейін олар экструзия деген аппараттарда оқшауланады. Кейін қайтадан үлкен орауға түседі. Осының бәрін өзіміз істейміз.

«Қазэнергокабель» АҚ көршілес аймақтарымен өзара ынтымақтастық орнатқан. Зауыт бүгінде кабельдің 5-6 мыңға жуық түрін дайындайды. Айта кету керек, көрсеткіш жыл санап артуда. Шығарылған өнімнің 44%-ын Ресейге экспорттайды. Шикізаттың 80%-ы отандық болса, қалғаны импорт.

Олег Крук, «Қазэнергокабель» АҚ бас директоры:

Шығарылған құны 13 млрд теңге өнімнің 3 млрды экпортталады. Нақтырақ айтсақ, Ресейдің төрт өңіріне - Мәскеу, Омбы, Новосібір және Томбыға. Көрші елдегі әріптестеріміз біздің кәсіпорыннан алюминий орамдарын алады.

Бүгінде Павлодардың сыртқы сауда көлемінің 65 пайызын Ресеймен сауда-садық құрайды. Көрші мемлекетке алюминий тотығын, полипропилен, тігіссіз құбырлар мен электр қуаты экспортталады. Көмір мен түрлі-түсті металлургия саласында да әріптестік жетілдірілген. Ал  Ресейден Ертістің Кереку өңіріне машина құрылысына қажет тауарлар, құрылыс материалдары мен химия өнімдері әкелінеді.

Сандуғаш Әлкеева, Павлодар облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

Кедендік одаққа өткелі Павлодар мен Ресейдің тауар айналымы бір жарым млрд-тан 3 млрд АҚШ долларына өсті. Дәлірек айтсақ, былтырғы жылдың тауар айналым көлемі 2,8 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорттық тасымал 1,2 млрд долларға жетті. Бұл жерде импорттың көлемі де сәл артқанын айтып өткім келеді.

Интеграциялық үдерістер өндіріс саласымын шектелмейді. Қазір агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік пен сауда, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және мәдениет саласында да жағымды тенденция қалыптасқан. Соның бірегейі - көршілес аймақтарда тұратын қандастарымызға қолдау.

Орынгүл Настауышова Новосібір өңірінен. Жамбылдың тумасы өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ресейге қоныс аударған. Елінен жырақ жүрсе де, ұлттық құндылықтарды ұмытқан емес.

Орынгүл Настаушева, Новосібірдегі қазақ ұлттық қауымдастығының жетекшісі:

Мынау сандық. Бұған көрпе мен көрпешелерді жинайды. Ал бұл - кіші сандық. Мен киіз үйді құра аламын. Новосібір және Новосібір аймағында қазақ үйін тіге алатын жалғыз қазақпын десем, артық кетпеспін.

Павлодар мен Омбы облыстарын Ертіс өзені байланыстырып тұр. Сондықтан тараптар кеме қатынасында да әріптестік орнатқан. Бүгінде Керекуден көршілес облысқа тұз және қиыршық тас тасымалданады. Айта кету керек, көлік тасымалының бұл түрі екі жаққа да тиімді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ