Жеңіс
күні қарсаңында Шымкент көшелерінің біріндегі биік қабырғада қазақтың батыр
ұлы Бауыржан Момышұлының бейнесі пайда болды. Патриоттық рух беретін стрит-арт
стиліндегі дүниені жергілікті қылқалам шеберлері салған. Олар осымен үшінші жыл
бұл қабырғаға патриоттық рухтағы суреттерді бейнелеп келеді. Алайда туындының
авторлары өздерін насихаттаудан бас тартып келіпті. Өйткені олар билік айыппұл
сала ма деп қорыққан. Үш жылдан бері өздеріне іздеу салған жан болмағандарын
айтады. Сондықтан қорқуға негіз жоқ деп отыр.
Дмитрий
Яковлев, суретші:
Мына
қабырға шимай-шатпаққа толы болатын. Оның үстінен біз сырлап, мынадай
патриоттық дүние жасадық. Әкімдіктегілер тарапынан қарсы болмас деп ойлаймыз.
Үш жылда ешкім, ең аяғы осы жерден өткен жаяу жүргіншілер де "не істеп
жатырсыңдар" деп қарсылық танытпады.
Суреттің
ұзындығы 12 метр, ені 4 метрді алып тұр. Қабырғада батырдың «Өршіл рухтан өлмес
ерлік туады» деген рухты сөзі де орын алып тұр. Суретшілер өткен жылы Жеңістің
70 жылдығында Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа ту тігіп жатқан сәтін салған
екен. Одан бұрын қабырғаға қазақтың қос батыр қызының бірі Молдағұлованың бейнесін бейнелепті. Аудан билігі
шимай-шатпақтан мағыналы суреттердің болғанын құп көріп отыр.