$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Өскеменде ҰОС ардагерін соққыға жыққан қылмыскер ұсталды

AstanaTV
11.05.2016ж. 20:00
1628
Өскеменде ҰОС ардагерін соққыға жыққан қылмыскер ұсталды

Өскеменде Ұлы Отан соғысының ардагерін соққыға жыққан адам ұсталды. Күдікті 40 жасар Ресей азаматын құрықтау кезінде ардагерден ұрланған бес мың теңге мен медальдар табылды. Ал әкімдіктің Жеңіс құрметіне орай бөлген жарты миллион теңгесін ардагер тығып үлгерген. Ауруханада жатқан майдангердің халін тілшілеріміз біліп келді. 

Соғыс ардагерін тонамақ мақсатпен соққыға жыққан жан түршігерлік қылмыс мына үйде болды. Дүкеннен қайтып келген 92 жасар қарияны қылмыскер есігінің алдынан күтіп алып, есінен танғанша сабайды. Ауыр соққылардан ес жиған ардагер, бар қайратын жиып, немересіне қоңырау шалыпты. Естіген хабардан төбе шашы тік тұрған Владимир оқиға орнына қалай жеткенін де білмейді. 

Владимир Кошкарев, ардагердің немересі:

Үйге кіріп келсем, атам шалажансар күйде. Бет-ауызы қан, аяғынан әрең тұрды. Не істерімді білмедім. Шошығанымыздан, әйелім екеуміз кімге хабарласу керегін де білмей қалдық.

Соғыста ысылған жауынгер қария, тергеушілерге оқиғаның қалай болғанын, тіпті түр-сипатын да суреттеп берген.

Михаил Рогожкин, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Ізімнен кіріп келіп, есікті бекітіп тастады. Жағамнан алып, ауыр соққы жасады. Есімнен танып қалдым, немен ұрғаны есімде жоқ. Көзімді ашсам, шифоньердің есіктерін ашып тастап, ақтарып жатыр. Қалтамда ақша бар еді, оны да сыпырып алды. «Қарт адамды осылай қорлайсың ба» деп едім, бетіме бір түкіріп, бір теуіп кете барды.

Күдікті бірден ұсталды. Ол жоғарғы қабатта Жеңіс күнін тойлаған көрінеді. Полицейлерді көрген бойда ұрланған медальдерді кәрізге шайып жібермек болған.

Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз орталығының жетекшісі:

Қазіргі кезде бұл оқиға бойынша, яғни тонау бойынша 191 бап ҚК қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмысқа қатысты 40 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Қазіргі кезде сонымен қатар тұтқынға алу сұрақтары шешіліп жатыр.

Ардагердің өзі қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер беті бері қарады дейді.

Сергей Эбель, №1 Өскемен қалалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

92 жасына қарамастан, атамыз күрескер. Бізге түскен кезде жағдайы нашар еді, қазір қанағаттанарлық. Ем қабылдап жатыр.

Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өңірдің әлеуметтік қызметкерлері қаланың барлық ардагерлерін өз қадағалауына алуға мәжбүр. Себебі Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден таратқан. Мамандар ақшаға құныққан қатыгездер өзге де ардагерлердің ізіне түсуі ықтимал деп күдіктенеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ