$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Қызылордада бұрынғы әскерилер бас көтерді

AstanaTV
05.05.2014ж. 20:00
1044
Қызылордада бұрынғы әскерилер бас көтерді

Қызылордада бұрынғы әскерилер бас көтерді. Семей полигонында әр жылдары қызмет еткен елуге жуық азамат қорғаныс істері департаментінің алдына жиналды. Сынақтан зардап шеккендер тиесілі жәрдемақысын ала алмай жүр.

1 мың 800-дей қызылордалық ардагердің 30 пайызы ғана радиациялық құжат рәсімдегендіктен, мемлекет көмегін алып отыр. Семей ядролық полигоны аумағында 456 ядролық жарылыс жасалды. 1995 жылдан бастап Елбасы жарлығымен Семей полигонында әскери борышын өтеген азаматтар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген.

Деседе бір жарым мыңдай азамат осы заңның шарапатын көре алмай отыр. Арнайы жәрдемақыға қол жеткізу үшін әскери құжаттан басқа ресми анықтама да керек. "Ал оны алу онай емес", - дейді ардагерлер. Полигон жабылған соң, оған қатысты барлық құжаттамалар Ресейдің қорғаныс министрілігінін мұрағатында сақталуда. Ендігі бар үміт қорғаныс істері жөніндегі департаментінде.

Сәбит Әбішов, Қызылорда облысы бойынша Невада-Семей қоғамдық ұйымының төрағасы:

Біз өзіміздің денсаулығымызды ғана емес, бүкіл ұрым-бұтағымыздың денсаулығын құрттық. Енді келіп ешкім бізге көңіл бөлмей жатқаны.

Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшылары қолдан келер көмекті аямаймыз деп сендірді.

Ерлан Мұратбай, Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

Біздің қолымызда ешқандай мәлімет жоқ. Мәліметті тек қана Ресей Федерациясынан аламыз. Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына анықтама сұрау саламыз. Соған жауап келген жағдайда, біз анықтама береміз.

Шарипа САҚТАПОВА