$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Бүгін отан қорғаушылар қатары он бес генералға толықты

AstanaTV
06.05.2014ж. 20:00
2487
Бүгін отан қорғаушылар қатары он бес генералға толықты

Бүгін отан қорғаушылар қатары он бес генералға толықты. Сондай-ақ жиырма әскери азаматқа мемлекеттік награда тапсырылды. Президент төл мереке қарсаңында ерен еңбегімен көзге түскен шенділерді Ақордаға жинады. Сап түзеген әскерилер Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан марапат алу сәтін тағатсыздана күтіп тұрды. Алдымен кеудесі орден мен медальға толы аға буын шенділері кезекті награданы тағынды.

Жиырма азаматтың ортасында нардың жүгін арқалаған жалғыз нәзік жанды азаматша да бар. Ол Мемлекеттік күзет қызметінің басқарма бастығы Раушан Жамбылова. Екінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат Ахметжанов, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Бауыржан Бердалин секілді лауазымды шенділер екінші дәрежелі "Даңқ" орденін иеленді.

Бас қолбасшы жиналғандарды білекті, жүректі, асқақ рухты болуға үндеді. Сондай-ақ, офицерлер сымдай тартылған сымбатымен өзгелерге үлгі болуы керектігін атап өтті.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кішкентай болса да, мемлекеттер, мысалы, Вьетнамды алып қарасаңдар, алып Америкаға қарсы тұра алды. Жеңгізбеді. Түбінде өздері жеңіске жетті. Ол неден? Ол елдің рухына байланысты, тәрбиеге байланысты. Сондықтан мұндай шенді иықта көтеріп жүру үшін, өзін өзі құрметтеп, елдің алдында да, әскери жолдастарыңның алдында да жоғары дәрежеде болу керек. Білімімен де, сыртқы келбетіңмен де, моральдық жағымен де. Осы шенді ұзақ уақыт абыроймен алып жүріңдер. Елге қызмет істеңдер!

Президент қолынан марапат алған ең жас сарбаз Жандос Баянбаев. Небәрі 23 жастағы азамат әскери өмірдің қиын сынағынан өтіп үлгерген. Тура бес ай бұрын қашуға оқталған сотталғандарды тоқтатамын деп, өзі оққа ұшты. Бүгін ол батылдығы мен ерлігі үшін үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

Жандос Баянбаев, ҚР ІІМ 7552 әскери бөлімі атқыштар батальоны бөлімшесінің командирі:

Үш оқ тиді, содан аман қалып, бүгін келіп отырмын осында. Ішкі әскерде қызмет атқарып жүрген әр сержант, солдат, мен ғана емес, барлығы ерлік жасауға тұратын жігіттер.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ