$498.55 €524.28 ₽4.75
×

ШҚО-да туылған төртінші нәрестеге облыстық бюджеттен қосымша 50 мың теңге төленеді

AstanaTV
06.05.2014ж. 20:00
1616
ШҚО-да туылған төртінші нәрестеге облыстық бюджеттен қосымша 50 мың теңге төленеді

Шығыс Қазақстан облысының атқа мінер азаматтары демографиялық ахуалды жақсартудың өзіндік амалын ойлап тапты. Осы жылдан бастап отбасына төртінші болып келген нәресте үшін облыстық бюджеттен қосымша 50 мың теңге төленеді. Бұл қаражат мемлекет тарапынан төленетін жөргекақыдан тыс, қосымша сый. 

Әр нәресте дүниеге өз несібесімен келетіні белгілі. Дегенмен кез-келген жас отбасыға мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Шығыс қазақстандық шенеуініктер облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында жаңа қаулы қабылдады. Енді әрбір төртінші нәрестесін дүниеге әкелген алтын құрсақты анаға облыстық бюджеттен 50 мың теңге көлемінде көтермеақы төленеді. Бұл мақсатта 2014 жылға 100 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жас аналарды дүниеге көптеп ұрпақ әкелуге ынталандыру мақсатында осындай қадамға бардық. Уақыт көрсетеді. Егер сәбилердің тууы артса, келер жылдары көтермеақы көлемін арттырамыз.

Дәрігерлер қауымы да мұндай қадам сәбилердің дүниеге келуін арттыруға тиіс деп отыр. Әйтпегенде жас отбасылардың 1-2 баламен шектеліп жататындықтары жасырын емес.

Рая Рахимова, ШҚО ана мен бала орталығының меңгерушісі:

Облыстық мәслихаттың сессиясында 4-ші баланы туған аналарға 50 мың теңге беру қажеттігі туралы шешім шығарды. Бұл өте дұрыс бастама. Біз қуанып қалдық. Демографияның өсуіне ықпал етеді. 

Бұл бастаманы ата-аналар да қолдады. Олар мемлекет тарапынан қолдау барда дүниеге сәби әкелуден еш тайынбайтындықтарын айтуда.

Гүлдана Қапанова, жас ана:

Мемлекет қолдап жатса, жақсы болар еді. Өйткені баланың жайалығы, азығы - бәрі қымбат. 

Мұрат Оразалин, Өскемен қаласының тұрғыны:

Ресейде үлкен сома береді. 50 мың деген аздау. Менің ойымша, әр бала үшін жоқ дегенде 500 мыңнан төлесе. Сонда жастар баланы көптеп табар еді. Дегенмен бастапқыда 50 мың теңге де жаман емес.

Сонымен алғашқы қадам жасалды. Келер жылдары Шығыс Қазақстанда нәрестелердің дүниеге келу көрсеткіші күрт өседі деген үміт бар.

Қанат ОРАЛБЕК