$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Астанада Елбасының қатысуымен Жеңіс мерекесі атап өтілді

AstanaTV
09.05.2014ж. 13:00
1014
Астанада Елбасының қатысуымен Жеңіс мерекесі атап өтілді

Бүгін Ұлы Жеңіс мерекесі. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына тұп тура 69 жыл толды. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соғыста құрбан болған қазақстандық жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты рәсімге Отан соғысының ардагерлері, Президенті әкімшілігі мен Үкіметтің, Парламент пен Орталық мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустардың өкілдері қатысты. Республикалық үрмелі аспаптар оркестері еліміздің әнұранын орындаған соң Құрметті қарауыл ротасы Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының және Отан соғысы ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп жүріп өтті.

Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы елге оралмады. Кеңестер Одағындағы 27 миллионға жуық адам өмірін жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанған.

Сонымен қатар, 142 қазақстандық "Даңқ" орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бүгінде Қазақстанда 6 мың 700-ге жуық Отан соғысының ардагері бар.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА