Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Астанада «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

AstanaTV
09.05.2014ж. 20:00
1109
Астанада «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін Ұлы Жеңіс мерекесі. Жыл сайын майдангерлер қауымына асқан құрмет көрсетілетін осынау айтулы күн Қазақстанда да лайықты атап өтілді. Астанада «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, соғыста қаза тапқан жауынгер қазақстандықтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Рәсімге соғыс ардагерлерімен қатар билік өкілдері, сондай-ақ қала жұртшылығы мен қонақтар жиналды. 


Дүниені дүр сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл 69 жыл. Бейбіт күн орнатқан ардагерлеріміз омырауларына орден-медальдарын тағып, алаңға аяңдап келеді. Көңілдері сергек. Салтанатты жиынның басталуын асыға күтуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қан майданнан оралмаған жауынгерлерге тағзым етіліп, үнсіздік жарияланды. 

Ресми рәсімнен кейін мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестері еліміздің әнұранын орындап, Құрметті қарауыл ротасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы және Отан соғысы ардагерлерінің алдында салтанатпен сап түзеп жүріп өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлы Отан соғысының ардагерлері, баршаларыңызды шын жүрегімнен бүгінгі ұлық мереке, ана өткен соғыстағы жеңіспен шын жүрегімнен құттықтаймын. Біз ардагерлерімізді ардақтайтын, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Арамызда жүргендер өздерінің еңбегіменен соғыста да еңбегін сіңірді, еңбекте де еңбегін сіңірді. Сол жеңістің барлығы ерліктің, еңбектің бірліктің арқасында болды.

От пен оқтың арасында жүріп, отанын қорғаған жауынгерлердің ерлігі ұмытылмайды. Сұрапыл соғыс басталғанда Қазақстаннан майданға 1 млн 200 мың боздақ аттанды. Оның 600 мыңы елге оралмады. Қаруластарын жоғалтып, қабырғасы қайысқандар да аз емес. Солардың бірі Мүбәрәк Кәкенов. Замандасы Әділғазы Қожахметов Германия ормандарында ерлікпен көз жұмды. Содан бері Жеңіс күні жетті деген жылы хабарды аңсаумен болдым деп еске алады қария.

Мүбәрәк Кәкенов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Хабар келді, немцы капитуляцию объявляют деп. Қайтып келіп, біз солдаттарға айтып, солдаттар сенбей, ертеңіне 9 май күні біз полк командирі бәрімізді жинап алып, құттықтады жеңіспен.

Дихан Жүнісбекұлы, тыл еңбеккері:

Соғыс ардагеріне теңестірді 55 жылдықта. Жүріп жатырмыз. Жаңа бір студент сұрады, неше немерем бар деп, 10 немерем, 12 шөберем, алты балам бар, қыздай қосылған кемпірім бар, Алла тағалаға рахмет.

Жыл өткен сайын қарт батырларымыздың қатары да азайып барады. Бүгінде Қазақстанда 6 мың 700-ге жуық Отан соғысының ардагері бар. Әрбірі бейбіт күнге шүкіршілік етіп, зұлмат соғыстың зардабын ұрпағымыз көрмесін деп тілейді. Бүгінгі мерекенің орны ерекше. Отан үшін отқа түсіп, дұшпанға қаймықпай қарсы тұрған бабаларымызды ұлықтауға жиналған қауымның қарасы қалың.

Бүгінгі біздің арнайы дала полигонында пісірілетін, пеште пісірілген сарбаздардың жейтін ботқаларын халыққа тегін таратып жатырмыз. Дәмін көріңіздер, өте дәмді.

Ләйлә Қазиақпарова, тілші:

Қуаныш пен қайғы жасын қатар жұтқызған ұлы Жеңістің 69 жылдығы Астанада бар сән-салтанатымен өтуде. Мерекелік шаралар күн батқанға дейін жалғасады. Соңы әдеттегідей отшашуға ұласпақ.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА