$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында «ҚазТрансГаз» компаниясы ҰОС ардагерлерін құттықтады

AstanaTV
09.05.2014ж. 20:00
1663
Жеңіс күні мерекесі қарсаңында «ҚазТрансГаз» компаниясы ҰОС ардагерлерін құттықтады

9 мамыр Жеңіс күні мерекесі қарсаңында «ҚазТрансГаз» компаниясы Ақмола облысы мен Көкшетау қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. 50 ардагерге 50 мың теңге мөлшерінде қаржылай көмек жасады. Компания басшылығы игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады деп отыр.

«ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтап, қаржылай демеуді игі дәстүрге айналдырған. Осылайша биыл Ақмола облысындағы соғыс ардагерлері құрметке бөленді. Майдангерлер мұндай ықыласқа дән риза.

Сапки Әлкенов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Біздің Қазақстанның көк туы көкке ұша берсін. Кейінгі ұрпақ балаларымыз аман болып, қызық-қуаныш, оқыған оқуларын бітіріп, адал қызмет істесе болды. Адал қызмет етсе, біздің Қазақстанның бірсыпыра жерге атағы барды ғой. Сол қайырлы болсын. Сонымен, сол тілегін тілеп отырамыз.

Жеңіс күніне орай «ҚазТрансГаз» облыстағы 90 мен 97 жас аралығындағы 50 ардагерге қаржылай көмек көрсетті. Игілікті іс жылда жалғаса бермек. Айта кетейік, бүгінде Көкшетау қаласының өзінде 88 соғыс ардагері тұрады.

Рүстем Шериязданов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Әрбір ардагерге 50 мың теңгеден көмек жасап жатыр. Оған біз енді рахметімізді айтамыз. Сол сияқты қаламыздағы басқа да ұйымдар, мекемелер көмектерін беріп жатыр. Ал міне енді Астанадан арнайы келіп отыр. Соларға біз рахметімізді айтамыз, ардагерлер атынан.

Жалын жұтып, от кешкен қариялар көрсетілген сый - құрметке алғыс айтып, тоқ көңілмен тарқасты. Айта өтейік, газ тасымалдау және жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз»-дың он өңірде жергілікті бөлімі бар. Ондағылар да ардагерлер мен әлеуметтік әлжуаз отбасыларға материалды көмек көрсетеді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА