Астанада «Аstana Piano Passion» екінші халықаралық фестивалі аясында жас
пианистер байқауы басталды. Аталмыш шығармашылық дода бүгінде Қазақстан
астанасының музыкалық брэндіне айналды десе де болады. Өткен жылы бұл байқауды
online режимінде дүние жүзінің 100 мыңға жуық адамы тамашалаған болатын.
Әлемнің музыка мәдениетінде өзіндік орны бар пианистер фестивалі туралы
тілшіміз баяндайды.
Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған «Аstana Piano Passion» фестивалі
өнерсүйер қауымның зор ықыласына бөленіп үлгерді. Бұны көрерменге лық толған
орталық концерт залынан байқауға болады. Аталмыш фестивальге көптеген
халықаралық дода лауреаттарын дайындаған Сергей Доренский де шақырылды. Ол
бүгін сыйлы қонақ қана емес, сонымен қатар қазылар алқасының мүшесі.
Биыл жас
пианистер байқауына қатысуға әлемнің 23 елінен 120 өтініш келіп түсті. Енді
міне, жартылай финалға әртүрлі жастағы орындаушылар топтарынан 30 өнерпаз
суырылып алға шықты. Оның ішінде байқауға екінші жыл қатарынан қатысып отырған
қазақстандық Санжарәли Көпбаев та бар. Жалпы, «Аstana Piano Passion»
фестивалінің бірден-бір ерекшелігі - оның сыйлық қорында. 60 мың доллар - бұл
балалар байқауына тігілген әлемдегі ең ірі жүлде.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған фестиваль online режимде көрсетіледі.
Сондықтан, өзіне ұнаған өнерпазға халық та дауыс бере алады. Көп ұпай жинаған
қатысушы көрермен көзайымы атанады. Фестивальді online арқылы көрген
көрермендер сайт қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін тілге тиек етуде.
Денис Мацуев, Ресей халық әртісі, «Аstana Piano Passion» байқауының
көркемдік жетекшісі:
Байқауды сайттан көрген күннің өзінде залда отырғандай әсер аласың. Бұл,
әрине, операторлар мен дыбыс режиссерлерінің біліктілігін көрсетеді.
«Астана операның» камералы залында өткен бұл фестивальге байқаудың өткен
жылғы жеңімпаздары австралиялық Шуан Эрн Ли, ресейлік Варвара Кутузова мен
Александр Кутузов және Қазақстан мен Ресей дуэті Илья Бахтин мен Руслан
Турунтаев қатысты. Байқаудың биылғы жеңімпаздары өз өнерлерін Мәскеуде
көрсетуге мүмкіндік алады.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА