«Қазақстан даму банкі» жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы аясында берілетін көліктердің шекті бағасын 3 млн теңгеге ұлғайтты, осылайша ол сома, 9 млнға жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында банктің басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді. Биыл сәуірде басталған бағдарлама бойынша 7,5 пайыздық үстемақымен несиеге берілетін отандық көліктердің шекті құны 5 млн 600 мың теңге болып бекітілген-ді. Болат Жәмішев сондай-ақ Астанадағы тікұшақ құрастыратын зауытқа деп қарастырылған қаражаттың машина жасау өнеркәсібіне берілетінін айта кетті.
Болат Жәмішев, Қазақстан Даму банкі басқарма төрағасы:
Модернизация жөніндегі мемлекеттік комиссия Астанадағы «Еврокоптер» тікұшақтарын құрастыруға деп қаралған 10 млрд теңгені қайтарып алып, машина жасаушыларға беру туралы шешім қабылдады.
Болат Жәмішев теңге еркін айналымға жіберілген соң, экспорттық емес өнеркәсіпке берілген несиелер бойынша қиындық туындағанын жасырмады. Тамыз айында несие тәуекелдері 26 млрд теңгеден асқан. Банк бұл қажеттілікті несие шарттарын қайта қарау арқылы жапқан көрінеді. Жыл басынан бері құны 816 млн долларды құрайтын 14 жоба қаржыландырылған. Болашақта отандық өңдеу өнеркәсібіне бір триллион теңгеден астам ақша құйылмақ.
Болат Жәмішев, Қазақстан Даму банкі басқарма төрағасы:
Алдағы төрт жылдың несиелік портфелінде 1 трлн 124 млрд теңгені құрайтын 42 жоба бар. Бұл металлургия, инфрақұрылым, мұнай-химия, мұнай өңдеу және электр энергетикасы салаларындағы ірі индустриялық бағдарламалар.
А.АЛДОҢҒАРОВ