$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Ресейге қатысты қолданылған санкциялар Германия экономикасына кесірін тигізуі мүмкін

AstanaTV
13.05.2014ж. 10:00
638
Ресейге қатысты қолданылған санкциялар Германия экономикасына кесірін тигізуі мүмкін

Еуропалық одақ Ресейге қарсы енгізілетін экономикалық санкциялар Германия мен батыстың өзге де елдеріне кері әсерін тигізеді деп алаңдап отыр. Бұл жөнінде Daily Telegraph Еуроодақ дайындаған құпия баяндамаға сүйеніп жазды.

Жасырын құжаттың тілшілер қолына қалай түскені белгісіз. Бірақ ондағы ақпаратқа сенсек, сарапшылар санкциялар Германияның экономикалық өсімін 1%-ға төмендетіп жіберетінін есептеп қойған. Яғни Берлин экономикалық құлдырауға бір табан жақындай түседі. Ал ол жағдай батыстың өзге елдеріне де әсерін тигізбей қоймайды, деп жазады басылым. Баяндамада үш сценарий көрсетілген. Оның ең ауыры - Ресей газы мен мұнайының импортына мүлдем тиым салу. Мұндай шектеу Германия экономикасының өсімін 0,9%-ға төмендететін көрінеді. Daily Telegraph Ресейге қарсы санкциялардың Еуропаға тигізер кері әсері есептелген бірнеше баяндама барын жазады.

Айта кетерлігі, Германия осы уақытқа дейін Мәскеуге қатаң шектеулер қою керек деген көршілерінің ұсыныстарына немқұрайдылық танытып келеді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ