Қазақстан мен Ресей әуе
қорғанысын бірлесе күшейтуге ниетті. Екі ел әуе қорғанысының ортақ жүйесін
құрмақ. Соның арқасында Қазақстан көктен төнетін қауіптен қорғанудың заманауи
құралдарына қол жеткізеді. Келісімге сай ортақ әуе қорғанысы жүйесі күштерін
Қазақстан мен Ресей президенттері тағайындаған қолбасшы басқарады. Бірақ бұл Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы жұмыссыз қалады деген сөз
емес.
Оқас Сапаров, ҚР Қорғаныс вице-министрі:
Бейбіт уақытта шешім қабылдайтын өзіміздің әуе
қорғанысы күштері Бас қолбасшысы, ал соғыс уақытында ортақ қорғаныс жүйесінің
бас қолбасшысы шешім қабылдайды, ешкімнен сұрамайды. Өзі шешеді. Неге десеңіз, оған екі ел президенттері сенім артты.
Қазақстан-Ресей біріккен әуе
қорғанысы жүйесі келісімін ратификациялау туралы заң жобасы Сенаттың
халықарарлық істер және қорғаныс комитетінде талқыланды. Құжатты жоғарғы палатаға
қолтықтай келген қорғаныс вице-министрі мұның «өте маңызды құжат» екенін дәлелдеп
бақты. Және мұндай заңның «Қазақстанға ешбір қатері жоқтығын» баса айтты. Әуе
шабуылынан қорғанудың Қазақстан мен Ресейге ортақ жүйесін құру туралы келісімге
2013 жылы қаңтарда Астанада қол қойылған. Енді оны ратификациялау Парламент
еншісінде.
Айта кетерлігі, аймақтық жүйенің
басқару орталығы Алматыда орналасады. Осы ретте сенаторлар да, тілшілер де
"неге Астана емес ?" деген сауалды жолдамай тұра алмады. Вице-министр
мұндай маңызды нысанды елордаға орналастыру жоспарымызда бар деп жауап берді.
Сондай-ақ, вице министр әуе шабуылынан
қорғанудың ортақ жүйесі тек соғыс уақытында қолданылатынын айтты. Бейбіт
кезеңде әр елдің әуе қорғанысы саласы жоспар бойынша өз бағытымен дами бермек.
Айта кету керек, Ресей мен
Беларусь елдерінің арасында осыған ұқсас бірыңғай жүйе былтырдан бері жұмыс
істейді. Теріскей көршіміз бірыңғай аймақтық жүйе туралы келісімді Армениямен де
жасаспақ ниетте. Ал келешекте көктен келетін қауіптің бетін қайтаратын «ортақ
шатырға» Қырғызстан және Тәжікстан да қосылуға мүдделі.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА