Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте табиғи апат келтірген шығын мөлшері әлі анықталып біткен жоқ

AstanaTV
13.05.2014ж. 20:00
3915
Шымкентте табиғи апат келтірген шығын мөлшері әлі анықталып біткен жоқ

Шымкентте табиғи апат келтірген шығын мөлшері әлі анықталып біткен жоқ. Ең көп залал келген - Шымкент қаласы. Қатты жел аймақтағы тұрғын үйі, әлеуметтік нысаны мен жеке ғимараты бар жалпы алты мың шаршы метр аумақты құрайтын шатырды жұлып түскен. Дүлей дауылдан облыс аумағындағы он үш ірі нысанға айтарлықтай шығын келді.

Сәкен Қаныбеков, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

12 нысан - негізі әлеуметтік нысандарымыз. Соның ішінде жеті білім саласына байланысты, қалғаны культурно-массовое значение дегендей, Дом культураларға үшеуі. Бұл азанғы берілген мәлімет. Жалпы негізгі қазіргі уақытқа соның ішіндегісі бесеуі қазір толығымен қалпына келтірілді.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, облыс аумағында қатты желден жеті адам түрлі дәрежеде жарақат алса, бір адам ағаш астында қалып қаза болды. Бұдан бөлек жеңіл жарақатпен дәрігер көмегіне жүгінгендері де бар. Секундына 25 метр жылдамдықпен ұйытқи соққан желден кеше түні бойы облыстағы кейбір аймақтар көгілдір отын мен жарықсыз қалды. Қазір Шымкенттегі үзілген электр желілері мен бағдаршамдар біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Бүгін түс ауа желдің күші бәсеңдеді. Шығын мөлшерін арнайы комиссия есептеп жатыр.

Еркін Сарыбаев, Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:

Осы комиссияның жұмысы нәтижесінде жалпы акт түзіледі. Осы акт бойынша әрі қарай жұмыстар жүргізілетін болады. Кімге материалдық келген шығындарды орнын толтыру, кімге басқа да көмек көрсету бойынша ұсыныстар беріліп, облыстық әкімшілік тарапынан және қалалық әкімшілік тарапынан қаржылар қарастырылатын болады. Төтенше жағдайлар резервінен бөлінеді бұл ақша.

Бірнеше тәуліктен бері тоқтамай тұрған жел Шымкенттің іргесіндегі күкірт қышқылы төгілген аумақтағы зиянды қалдықтарды тазартуға да кедергі келтіріп тұр. Естеріңізде болса, 5 мамыр күні Көкбұлақ елді мекені тұсында жүк пойызының 29 вагоны аударылып қалған болатын. Салдарынан 7 цистернаға тиелген күкірт қышқылы 1800 шарты метр аумаққа ағып кетті.

Санэпидемиологтардың сөзіне сенсек, тұрғындарға келетін еш қауіп жоқ. Зиянды топырақ арнайы орынға енді тек жел тоқтағасын әкетіледі. Ал пойыздың апатқа ұшырау себебі әлі анықталып жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ