Алматыда атышулы «Көкжайлау» жобасын іске асыру уақытша тоқтатылды. Бұған қаржы үнемдеу мәселесі себеп болған. Шешім қалалық мәслихаттың кезекті отырысында қабылданды. Әкімдік өкілі Рабандияр Маймақов, біздің арна тілшілеріне берген сұхбатында Көкжайлаудан бөлек Алматы ипподромы мен бірнеше аспалы көпір құрылысының да тоқтайтынын айтты.Наурызбай аудандық әкімшілігінің ғимаратына да әзірге ақша бөлінбейтін сыңайлы. Мәслихат сессиясында депуттаттар бюджетті оңтайландыруға қатысты түрлі ұсыныстарды ортаға салды. Үнемделген 30 млрд. теңге «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік жобаларға бағытталмақ.
Рабандияр Маймақов, Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:
Жоба жасалды, сметасы жасалды. Енді оны болды тоқтаттық, кризис деп айтуға болмайды. Егер дағдарыс болмағанда, оған барлығы 65 млрд. теңге керек болса, соның 10 пайызын ғана бюджет өз мойнына алатын еді. Қалған 90 пайызын жеке инвесторлар салуы керек болған.
Бұл шешім «Көкжайлау» аймағына құрылыс жүргізуге қарсы шыққан қоғамдық ұйым белсенділеріне майдай жақты. Бірақ олар тау-шаңғы курорты салынбағанымен, жеке тұрғын үйлер кешені бой көтере ме деп қауіптенеді. Себебі Іле-Алатауы етегіндегі табиғаты тамылжыған алаңға көз тіккендер көп. "Бүгінге дейін бюджет қаржысына электр станциясы салынып, жеке көліктердің өтуі жиілеп кетті", -дейді белсенділер.
Дмитрий Жуков, Қоғамдық белсенді:
Бос жатқан жерге алғашында жеке үйлер салынады деп жоспарланған соң,наразылық шараларын өткізген едік. Сосын ол аймаққа шаңғы курорты тұрғызылатын болды. Енді бұл жоба кейінге шегерілсе, үйлер, коттедж қалашықтарын салуды жеке құрылыс мекемелері қайта қолға алу мүмкін.
Р.АСҚАРБЕКҰЛЫ