×

АҚШ-та сайлау алды науқан қыза түсті

AstanaTV
29.10.2015ж. 20:00
1377
АҚШ-та сайлау алды науқан қыза түсті

АҚШ-тағы Президент сайлауына түсетін үміткерлердің арасында талас қыза түсті. Жеңіске жету үшін саясаткерлер аты шулы мәлімдемелер жасаудан жарысқа түскендей. Мысалы, президенттіктен үміткер Хиллари Клинтон  өзінің басты қарсыласы Дональд Трамптың «ұранын» пайдаланды. Халықтың басым даусына ие болу үшін миллиардер Трамп та аянып қалмақ емес. 

Сайлау науқаны жақындаған сайын тартыс қыза түсті. Барын салуға тырысқан үміткерлер сайлаушылармен кездесуге әлемге әйгілі жұлдыздарды да ала келген. Әнші Кэти Перри Хиллари Клинтонға арнап өлең оқыды. Әртістің айтуынша, Клинтон ханымның оған «бір топта» болу туралы өтініш жасауының өзі үлкен мәртебе.

Хиллари Клинтон, АҚШ президенттігіне Демократиялық партия атынан үміткер:

Біз республикалықтар, демократтар немесе өздерін басқаша атап жүргендер болсын бәріміз бір топтамыз. Біріге отырып, Американы одан әрі ұлы мемлекетке айналдыруымыз керек.

Алайда, үміткердің бұл сөзі көптің көңілінен шықпады.Мәлімдеме тіпті, республикалықтардың ашуын тудырды. Дональд Трамп Хиллари Клинтонды плагиат жасады деп айыптауда. Ал Трамптың жақтастары болса, Клинтонды «жыртқыш» деп атап, ол кімге болсын ядролық бомба тастауға дайын деп мәлімдеді. Доналд Трамп таяуда CNN арнасына берген сұхбатында "АҚШ Ирактың мұнайын тартып алады, ондағы қара алтын қорына түгелімен Вашингтон иелік ету керек" деп салды. Айта кету керек, Трамп бұған дейін мүлде басқаша сөйлеген. Ол Саддам Хусейннің кезінде Ирак елінде өмір сүру оңайырақ болғанын айтқан еді. Саясаткердің бір сөзі екіншісіне қарама қайшы келіп жатқаны оны мүлде толғандырмайтын сияқты.

Дональд Трамп, АҚШ президенттігіне Республикалық партия атынан үміткер:

Біздің ел мүлде жеңіске жетпей жатыр. Құрама штаттары өзінің бағытын жоғалтып алды.  ДИАШ жасақтарынан да жеңіліп жатырмыз. Біз жүргізіп жатқан барлық келіссөздерде жеңіліс табудамыз.

Трамптың сайлаушылар арасында беделі өскенін бірден байқауға болады. Хэллоуин қарсаңында сөрелерде Дональд Трамптың келбеті бейнеленген «асқабақтар» қаптап кетті. Еске салсақ, АҚШ-тағы Президенттік сайлауда бағын сынайтындардың саны жиырмадан асты. Бірақ, негізгі тартыс Дональд Трамп пен Хиллари Клинтон арасында болатын сияқты.

 Б.ХАСЕНОВ