$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Ақтөбе облысы Ресейдің іргелес облыстарымен тығыз байланыс орнатуда

AstanaTV
15.05.2014ж. 20:00
1542
Ақтөбе облысы Ресейдің іргелес облыстарымен тығыз байланыс орнатуда

Көршімен алыс-берістің тиімділігін тану шекаралық өңірлерге тән. Елбасының өзі Батыс Қазақстан экономикасының локомотиві деп атаған Ақтөбе облысы Ресейдің іргелес облыстарымен тығыз байланыс орнатқан. Сырттан келер тауарлар мен экспорт көлемі жыл сайын артып отырады. Бұл да Қазақстанның бәсекеге қабілетті екендігінің бір бейнесі.

Ресейдің халық әртісі Александр Цыганков екі елдің рухани байланысын сөзбен жеткізу қиын дейді. Домра шеберінің айтуынша, қазақ даласында ән айтқаннан ләззат алады. Өнерде шекара жоқ деген ұстанымынан таймаған ол екі ел арасындағы соқпақты суытпаған. Бүгінде қазақ жерінде де оны асыға күтетін көрермендері де жетіп артылады.

Александр Цыганков, РФ халық әртісі:

Екі елдің серіктестігін осы музыкалық инструмент арқылы жеткізуге де болады деп ойлаймын. Оның үстіне домбыра мен домраның үнін халық біледі. Екеуі де бір текті. Қолымдағы домра да Ресейге шығыстан келген.

Бүгінде Ресейге Орта Азиядан ағылатын тауарлардың саны да артқан. 2011 жылы алғаш рет Ресей нарығына шыққан Ақтөбедегі кірпіш зауыты солтүстіктегі көршімізге жөнелтілетін өнімдер көлемін үдетіп отыр. 2008 жылы ашылған кәсіпорын бүгінде жылына 200 мың куб кірпіш шығаруға қауқарлы. Бұл тек батыс аймақты ғана емес, көрші елдердің сұранысын қамтуға мүмкіндік береді. Атап айқанда, Орынбор мен Орск қалаларында ақтөбелік кірпіштің сапасына оң баға бергендер көп.

Асан Сабырбаев, «Экотон-Батыс» ЖШС сату бөлімінің менеджері:

Биыл да уже осы уақытқа дейін жүз бес куб жіберіп үлгердік. Енді келесі уақыттарда Оренбургте өзіміздің өкілеттігімізді ашу ниетіміз бар.

Орынборда Ақтөбе зауытының өкілеттілігі ашылса, ақтөбелік студенттер дәл сол жерде тәжірибеден өтуі әбден мүмкін. Себебі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті орынборлық әріптестерімен серіктестікті жолға қойғалы, тәжірибе алмасып, біліктілікті арттырудың жаңа белестеріне жетті.

Үкітай Байжомартов, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі:

Оларда біз оқимыз лекцияны. Олардың профессорлары келіп, бізде оқиды, сонда екі жақты табысты болады. Биылдың өзінде 27 студентіміз барып, соларда практика өтті. Олардың студенті келіп, бізден де практика өтті.

Бүгінде шекаралас аймақтармен Ақтөбе облысының тауар айналымы 1 млрд 500 млн теңгені құраған. Көрші елмен достық қарым-қатынас орнатып, екіжақты құрылған серіктестік саны бүгінгі таңда мыңнан асты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш үдей түсуі тиіс. Себебі Ресей нарығына шығам деуші кәсіпорындар көп. Солардың бірі - ұлттық тағамымыз  қазы-қарта, жал-жая өндірушілер.

Алма Тәженова, «Саржайлау» ЖШС технологы:

Орыстар да алады. Орыстар өзі келіп, тіпті өздері сұрап, ысталғаннан көп алады. Сұраныс көп. Қазыны да қазылай алады. Бәрін де алады. Сондықтан Россияға экспортқа жібергіміз келеді.

Күніне 1 тонна ұлттық дәм шығаратын серіктестік әзірге ел ішін қамтып отыр. Бірақ қашанда шетелдіктердің таңдайын қақтыратын қазақи өнімдер болашақта үлкен сұранысқа ие болады.

Бір ғана мысал - Қазан консерваториясының ұлтық аспаптар оркестрі қазақтың домбырасын жасатуға өтініш берген көрінеді. Сондықтан Татарстан астанасына барып, күмбірлеген домбыра даусын тыңдауға да мүмкіншілік туындап отыр.

Мансұр ЕСҚОЖИН