$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қостанай шаруалары бірнеше жылдан бері жайылым алқабын бөлісе алмай келеді

AstanaTV
16.05.2014ж. 20:00
1656
Қостанай шаруалары бірнеше жылдан бері жайылым алқабын бөлісе алмай келеді

Жер дауына тап болған қос шаруаның мәселесі сот арқылы ғана шешілді. Қостанай облысындағы шаруалар бірнеше жылдан бері жайылым алқабын бөлісе алмай келген. Толығырақ Заңғар Санай сабақтайды.

Қостанай ауданы Алтын-Дала ауылында тұратын Әділхан Оташевтың ата кәсіп мал өсіруді қолға алғанына біраз болған. Биыл ірі-қара тұқымын асылдандыру мақсатында қомақты несие алыпты. Алайда төрт түлігін жаятын жер таба алмай, ауыл іргесінде қайырып жүр. "Ал қожалыққа тиесілі жайылымнан қайыр болмай тұр",- дейді.

Әділхан Оташев, шаруа қожалығының басшысы:

Енді 2008 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Самошкин деген мырза осы жерді басып алып, заңсыз иемденді. Айналдырған 30 гектар жердің 20 гектарын жарамсыз қылды. 

Шаруаның айтуынша, сан жылдар бойы «Самошкин» шаруа қожалығы заңсыз иемденіп келген жері «Тазакөлдің» жиегінде орналасқан. Ол жерге көкөніс егіп, оны суару үшін өзеннен құбыр өткізіп, көлден су тартып алған. Оның бұл әрекетінен балық өсірушілер де зардап шегіпті.

Светлана Головачева, «Табиғатты қорғау» қоғамдық қорының жетекшісі:

Бұл жер мен көлдің қызығын тек Самошкин мырза көруі керек пе сонда? Біздің де жағдайымызды түсініп, ортақ бітімге келуі керек ғой. Мысалы, қазір балық уылдырық шашатын кез. Ол болса, қуатты сорғышпен көлдің суын тартпақ. Сонда біз күнімізді қалай көреміз? Тек картоптың қамын ойласақ, балық шаруашылығы не болмақ.

Осындай олқылықтарды жіпке тізген балықшылар көлді, қожалық иесі жерін қорғап қалу үшін былтыр қыста сотқа жүгінген.

Жанай Нысанов, Қостанай облыстық сот актілерін орындау департаментінің аумақтық бөлім бастығы:

29 сәуір 2013 жылы атқару парағы күшіне енді. Қостанай ауданында осы уақытқа дейін, бүгінге дейін сол соттың шешімі орындалды. Соттың шешімі оңайлықпен орындалған жоқ. 

Сот шешімін 1 жылға дейін созып, күні кеше орындаған Самошкин қожалығы басшысы, шаруа Оташевпен ауызша келісім болғандығын айтады.Тіпті жеті жыл бойы қолынан келгенше көмектескендігін алға тартты. 

Сергей Самошкин, шаруа қожалығының басшысы:

2012 жылы біз келіспей қалдық. Содан кейін ол сотқа арыздана бастады. Мен оның жеріне қора салғаным рас. Және 50 соттық алқабына картоп еккенім де шындық. Соттың шешімін дер кезінде орындауға тырыстым. Бірақ шаруа адамы болғандықтан қораны ысыруға, жерін босатып беруге үлгермей жүрдім. Сондықтан бірнеше рет сотқа арыз жазып, орындау мерзімін ұзартуды өтіндім. Қазір оның жерін босатып бердім.

Оташевтің жайылымына заңсыз салынған қоралар сот шешімімен бұзылды. Орнында тау-төбе болып қоқыс қалды. "Бұл маңайдың жасыл жайлауға айналуы енді екіталай", - дейді ауыл шаруасы. Өйткені алқапқа көп жылдан бері картоп егіліп, бірнеше рет химиялық өңдеу жүргізілген. Енді қос шаруа келісіп, тіршілік етуге мәжбүр. 

Заңғар САНАЙ