Футболдан Португалия құрамасының
шабуылшысы Криштиану Роналду әлем чемпионатының топтық кезең ойындарынан тыс
қалуы мүмкін. Обидуше қаласында өткен жаттығу-жиындары барысында шабуылшы
жарақат алды.
Дәрігерлердің пайымдауынша, қазіргі
уақытта 29-жасар футболшы сауықтыру курсын өтіп жатыр. Дегенмен, спортшының
толық айығып кетуіне біраз уақыт керек.
Алдын ала болжамдарға байланысты, Патшалық
клубтың шабуылшысы әлем чемпионатының топтық кезең ойындарына қатыспайды. Егер Португалия құрамасы алғашқы сыннан сүрінбей өтсе, онда
шабуылшы қатарға қосылады. Дегенмен, чемпиондар лигасының финалы қарсаңында
Роналду жарақатына байланысты алаңға шықпайды деген ақпарат тараған. Бірақ, «Реал» шабуылшысы негізгі құрамнан орын алып,
бас жүлдені ұтып алды.
Еске сала кетейік, топтық кезеңде
Паулу Бентудың шәкірттері «Джи» тобында Германия, Гана және АҚШ құрамаларымен
өзара мықтыны анықтайды. Әлем чемпионатының
алғашқы кездесуінде Португалия командасы азулы Германия құрамасына қарсы
шығады.
Самат ҚАНАҒАТОВ