×

74 жылдан соң майдангердің сүйегі елге жеткізілген

AstanaTV
12.05.2016ж. 20:00
1985
74 жылдан соң майдангердің сүйегі елге жеткізілген

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында қаза тапқан тағы бір жауынгердің сүйегі елге жеткізілді. Ол осыдан 74 жыл бұрын соғысқа кетіп хабарсыз кеткен Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының тумасы Мақаш Тәжібаев.  Майдангерді туған топырағына қайта жерлеу үшін Ресейге арнайы делегация барған.

Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылында туып өскен Мақаш Тәжібаев майданға сұрапыл соғыс басталғанда 32 жасында шақыртылған. 1942 жылы 12-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгері Ресейдің Калуга облысы Ульяновскі ауданындағы кескілескен ұрыста қаза болыпты. Оның денесін ресейлік іздеу тобы тапқан. Белгісіз солдаттың аты-жөнін анықтауға елде жүргенде алған «Социалистік ауыл шаруашылығының үздігі» медалі себепкер болыпты.

Тұрмысбек Құнанбаев, немере інісі:

ВДНХ-ның медалін алған екен, 1939 жылы алған. Сол медальдің медальдің сыртында нөмірі болған, содан Москвадағы орталықтан ВДНХ-дан мына нөмір кімге қатысты деген сауалменен бұл кісінің аты және фамилиясы шыққан. Содан енді толық анықталғаннан кейін елде іздестіру жұмыстары жүрді. Мен өзім бастан аяғына дейін болдым.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысынан соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанған. Соның бар болғаны 35 мыңы елге оралыпты. Ал Мақаш Тәжібаев - соңғы екі жылда аты-жөні анықталып, елге қайта жерленген үшінші жауынгер.

Әжімұқан Шынтаев, ОҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:

Біздің облыстан ҰОС кезінде шақыртылған азаматтардың 105 мыңға жуығы соғыстан оралмаған, яғни сол майдандарда қаза тапқан және із-түзсіз жоғалып кеткендер болып саналады. 35 мыңға жуығы ғана еліне оралған, сол із-түзсіз жоғалғандар арасынан әлі де іздестіру жұмыстары, анықтау жұмыстары жүргізілуде.