$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Павлодарда зағиптар да инватакси қызметіне жүгіне алады

AstanaTV
19.05.2014ж. 10:00
1027
Павлодарда зағиптар да инватакси қызметіне жүгіне алады

Бұдан былай инватакси қызметіне арбаға таңылғандармен қатар, зағиптар да жүгіне алады. Мұндай мүмкіндікті биыл Павлодарлық билік жарымжан жандарға жасап отыр. Бұл үшін қалалық бюджеттен қосымша 18 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде инватакси саны екі есеге артты.

Айта кету керек, 1-ші топтағы тірек-қозғалысы зақымданған және көру қабілеті нашар адамдарға жол жүру саны шектеусіз. Бұл - оларды өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жол ашпақ. Негізі тасымалдың бұл түрі Павлодарда осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған.

Рымкеш Сағынова, Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

Тасымалдың бұл түріне жеке көмекші ұсынылған мүгедектер жүгіне алады. Сонымен қатар, диспетчерлік қызмет істейді. Жүргізушіні тексеріп тұру үшін фельдшер де бар. Өйткені, бұл жауапты іс. Тіпті, көліктің жағдайын қарайтын механик те қарастырылған.

Жалпы, Керекуде 800-ге жуық адам арнайы көліктің қызметіне жүгінеді. Олардың 250-і Павлодар қаласынан. Күніне инватаксиді шамамен 70-ке жуық мүгедек шақыратын көрінеді. «Жаңашылдықтың енгізілуімен көрсеткіш еселеп артады», - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдері. Сөйтіп, 15 такси 550 тұрғынның діттеген жеріне барып-келуіне мүмкіндік бермек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ