Түркия шахтасындағы апатқа байланысты
қамауға алынғандар саны 25-ке дейін ұлғайды. Олардың арасында басқарушы
компанияның өкілдері де бар. Бұл туралы жергілікті басылымдар мәлімдеуде.
Бүгінде үш азаматқа абайсыздан кісі
өліміне кінәлі болды деген айып тағылды. Олар
енді 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Апаттан аман қалғандардың
айтуынша, шахтада қауіпсіздік ережелері өрескел бұзылған. «Басшылық
тарапы шахтадағы метан мөлшерінің межеден тыс екендігін білген, алайда олар бұл
туралы тіс жармады. Тіпті, қауіпсіздік бойынша инспекторлар кенішке
жылдар бойына келмеген», - дейді жұмысшылар.
Түркия телеарналарының ақпары бойынша,
жер астында кеншілер әлі де болуы мүмкін. Олардың
қатарында заңсыз эмигранттар немесе кәмілетке толмағандар бар болуы әбден
ықтимал. Алайда ел билігі бұған көз жұмып отыр, дейді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түрік
билігі: «Шахтада 300-дей адам опат болды, бұл тек оқыс оқиға», - деп дүйім
жұрттың наразылығын тудырған болатын. Салдарынан
бүкіл мемлекет аумағында наразылық шерулері өткен-ді. Бұл Түркия тарихыныдағы
ең ірі апат. Ресми дерек бойынша 301 адам қаза
болған.
Жұрағат БАМАН