Атырауда 22 жылдан бері іздеуде жүрген
қылмыскер ұсталды. Криминалды полиция
қызметкерлері 1954 жылы туған Аманкелді Орынғалиевты, Шымкент қаласында бой тасалап
жүрген кезінен қолға түсіріп, Атырауға жеткізді.
Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті
көлік жөндеумен айналысқан. Ол 1992-жылдың 6-мамырында, жеке көлігін жөндетіп жүрген танысымен бірге арақ ішкен. Соңы
төбелеске ұласып, шөлмектес досын пышақтап тастапты. Іле-шала қылмыс жасағанын
түсініп, ізін жасырмақ болып, пойызбен Душанбеге тартқан. Кейін Шымкентте
тұрақтап, көлік жөндеуді кәсіп еткен. Атырау полицейлері сол кезде куәгерлер
мен сараптама жұмыстары нәтижесінде Аманкелді Орынғалиевқа іздеу жариялаған.
Тек 22 жылдан соң қолға түсіріп, ол қылмысын мойындап отыр. Енді ол 38 жасында
жасаған қылмысы үшін 60 жасында жаза өтейді.
Мұрат Асанов, Атырау облыстық ІІД Криминалдық полиция
басқармасының бөлім бастығы:
Ол кісі 1992 жылы 6 мамыр күні ішімдік ішу арқылы Қазбек атты адамды
өлтірген. Өзінің айтуы бойынша сол кезде бой
тасалап қашып кетіп, Душанбе арқылы ізін суытып, Ташкентке келіп, сосын Шымкент
қаласында көлік жөндеу қызметімен айналысып жүрген. Қазіргі уақытта отбасы
Атырау қаласында тұрады. Екі ұлы бар, ізін суытқанда кіші баласы бір жаста
болған. Балаларымды
танымаймын деп отыр. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Базаргүл ІЗІМОВА