$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Бүлдіршіндерге көз салған британдықтың ісі сотқа өтті

AstanaTV
21.05.2014ж. 20:00
836
Бүлдіршіндерге көз салған британдықтың ісі сотқа өтті

Бүлдіршіндерге көз салған британдықтың ісі сотқа өтті. Барох Питер кәмелет жасына толмаған қыз балаларды азғындыққа итермелеп, порнографиялық сипаттағы материалдарды таратпақ болды деп айыпталған. Прокурорлар оның қылмысы дәлелденсе, 9 жылға сотталып, жазасын Қазақстан аумағында өтейді деп отыр.

Тергеу барысында британдықтың Орал мен Атыраудағы қонақ үйлерде 14 жасқа толмаған қыздармен танысқаны мәлім болды. Оларды атақты фотосуретшімін деп алдап, тәнін жалаңаштап суретке түсірген. Бұл қызметі үшін оқушы қыздарға 10-15 мың теңге көлемінде ақы төлепті. Шетел азаматы жалдаған қонақ үйдегі бөлмеден мектеп оқушыларының 2 мыңнан астам суреті табылды.

Айдын Рашидов, Орал қаласының прокуроры:

9 адамнан талап-арыз түсті. Олар сұрап отырған өтемақы мөлшері 5 млн 400 мың теңгені құрайды. Орал қалалық прокуратурасы бұл істі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолдады. Барох Питерді қамауда ұстау туралы шешім өз күшінде қалды.

Жуырда оралдық полицейлер балаларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген тағы бір азғынды қолға түсірді. Жәбірленгендердің екеуі де - ұл бала. Балалар үйінің бүлдіршіндері қала мектептерінің бірінде оқиды. Ал күдікті қамауға алынып, оның үстінен аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.

Еркін ҚАРИН