$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Жыл соңына дейін мың шақырымдық «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы пайдалануға беріледі

AstanaTV
21.05.2014ж. 20:00
1577
Жыл соңына дейін мың шақырымдық «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы пайдалануға беріледі

Жыл соңына дейін мың шақырымдық «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы пайдалануға беріледі. VII Астана экономикалық форумы аясында өткен «Еуразиялық көлік жүйесі жаһандық бәсекелестік жағдайында» атты сессиясында бұл жайлы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының президенті мәлімдеді. Айтуынша, Қазақстан ірі Еуразия логистикалық орталығына айналатын күн таяу. 2020 жылға қарай транзиттік әлеуетіміз екі есе артып, одан түсер пайда үш есе өспек. 

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы ірі іскерлік және транзиттік хабына айналуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай міндет жүктеді. Бұл ретте Қазақстанның көлік дәлізі жан-жақты дамып, Жібек жолы жаңғыруда. Ілгерілеу әсіресе темір жол саласында байқалады. Мәселен, осы жылдың соңында «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы 1200 шақырым жол салып, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Асқар Мамин, «Қазақстан темір жолы» ҰК » АҚ президенті:

Қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» Қазақстан территориясында 1200 шақырымдық жаңа темір жол салуда. Ол биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл жолдың мың шақырымы - Жезқазған-Бейнеу бағытында. Осы жол арқылы Ақтау портынан Қытайға қарай тауар тасуда үлкен жеңілдікке ие боламыз, 2020 жылға қарай бұл бағыттағы тауар айналымының көлемі 20 миллион тоннаға жетеді.

Сондай-ақ, Асқар Маминнің айтуынша, Қытаймен арадағы екі темір жолдың түйіскен жеріндегі тауар өткізу қуаты жылына 50 млн тоннадан асады. Өткен жылдың өзінде Қытаймен арадағы транзиттік тасымал көлемі 20 пайызға көбейген. Түркіменстан-Иран бағытындағы темір жол құрылысы да бітуге жақын. Демек, жуырда Қытай мен Еуропадан келген тауарды Парсы шығанағына жеткізу жолы қысқарады.

Асқар Мамин, «Қазақстан темір жолы» ҰК » АҚ президенті:

Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылға қарай бұл бағыттағы тауар тасымалы жылына 15 млн тоннаға жетуі мүмкін. Яғни бұл Парсы шығанағы нарығына құрлық арқылы тауар жеткізетін ең жақын жол болады.

Жыл соңына қарай Тынық мұхитындағы Ляньюньган портында қазақстандық логистикалық терминал құрылысы аяқталмақ. Күні кеше Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинь алып құрылыстың бірінші кезегіне куә болды. Ал әлемдік ең ірі порттық оператор «DP World» компаниясының президенті Мохаммед Шараф Қазақстан қысқа мерзімде Еуразия логистикалық орталығына айналатынына кәміл сенеді. Бұл ретте алты құрлықтағы 31 мемлекеттің аумағында 66 терминалды басқарып отырған компания қол ұшын созатынын жеткізді.

Мохаммед Шараф, «DP WORLD» компаниясының президенті:

«ҚТЖ» мен «DP World» компаниясы «Ақтау» теңіз айлағы мен «Қорғас-Шығыс қақпасын» бірлесіп игеріп отыр. Бұл мәлім. Біздің компаниямыз Дубайда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстанда да солай болары сөзсіз. Оған қоса билік те үлкен қолдау жасап отыр.

Көліктік инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуға 2020 жылғы қарай 45 миллион доллар бөлінеді деп жоспарлануда. Есесіне транзиттік әлеуетіміз 2 есе артады. Қосымша 20 мың жұмыс орны ашылмақ. Көлік дәлізінің жандануы салдарынан таяуда елдің жалпы ішкі өнімі тағы 1 пайызға өседі деп күтілуде.

Ләйлә Қазиақпарова