$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қазақстанның КО елдерімен тауар айналымы 1 жарым миллиард долларды құрады

AstanaTV
23.05.2014ж. 20:00
773
Қазақстанның КО елдерімен тауар айналымы 1 жарым миллиард долларды құрады

"Кедендік одақ біршама өндірістің қадамына тұсау болды. Сыртқа сатқанымыздан сатып алғанымыз көп". Осылай деп дабыл қағушылар кездеседі. Шын мәнінде солай ма?! Тілшілеріміз осы мәселеге үңіліп көрген еді. "Өнімді сыртқа саудалау экономикалық одақ аясында арта түсті", - дейді осы салада еңбектеніп жатқан кәсіпорын өкілдері. Отандық экономиканың негізгі қозғалтқыш күші саналатын салаға соңғы жылдары серпіліс пайда болды.

Алматыда орналасқан май және томат өнімдерін шығаратын компанияның бірін тілшілеріміз аралап көрді. Кәсіпорын Кедендік одақ елдерінен тыс Орталық Азия мен Шығыс Еуропаға дайын тауар жіберіп отыр. Жылына 48 мың тонна өнімді сыртқа шығаратын зауыт Ресейдің Омбы қаласында өкілдігін ашуға қамданып жатыр. Олар Кедендік одақ аясындағы салық жеңілдіктерін пайдаланып, өнімдерін көрші елдің тұтынушыларына жеткізуге мүдделі.

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс жиынында Елбасы 2017 жылы экспорттағы дайын өнімнің үлесі 40 пайызға артады деген. Осы арқылы Мемлекет басшысы отандық экспорттың әлеуетін көтерудің нақты межесін айқындады. Ал «Қазақстан - 2050» Стратегиясының басым бағыты ретінде өнімдеріміздің әлемдік рыноктан орын табуына және тауарларымызға деген көпжылдық сұраныстың сақталуы жолында еңбек ету көзделген.

Өткен жылы Қазақстанның Кеден одағы елдерімен өзара тауар айналымы 1 жарым млрд долларды құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық.

Нариман Қуатов, май және май өнімдері компаниясының экспорт жөніндегі директоры:

Кедендік одақ тауарларымыздың еркін айналымына жол ашты. Жаңа сауда мүмкіндіктерінің ашылуы біздің компания үшін пайдалы. Яғни өз өнімімізді еркін экспорттауға мүмкіндік алдық. Соның ішінде өз тауарларымызды Ресей нарығына жеткізудің Кедендік одақ аясында дамитынына қазірдің өзінде көз жеткіздік. Біздің өнімдер осы елдегі Омбы аймағының тұтынушыларына жақын күндері тасымалдана бастамақ. Бұл ел шамамен барлық өнімнің 30 пайызын тұтынуға қолайлы болады деп үміттеніп отырмыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ