$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Көкпектіде жаңа үйлердің қазығы қағылды

AstanaTV
26.05.2014ж. 20:00
1307
Көкпектіде жаңа үйлердің қазығы қағылды

Көкпектіде құрылыс басталды. Су тасқынынан бұзылған баспаналар толығымен сырылып, оның орнына жаңадан 50 үй салынып жатыр. Мамырдың 25-і Көкпекті кентінің тұрғындары үшін маңызды күнге айналды. Өйткені дәл сол күні су тасқынынан зардап шеккендер жаңа үйлерінің жобасымен танысты. Қоныс тойын 57 отбасы тойламақ. Тұрғын үйлер стандартты жоба бойынша бой көтереді. Құрылыстың сапалы жүргізілуін "Нұр Отан" партиясы мен үй иелерінің өздері қадағалайды. 

Сәуле Адамбекова, Көкпекті кентінің тұрғыны:

Салған үйіміз өте әдемі болса екен, биік, жарық, жылы болса екен үйіміз, деп ойлаймыз. Бұрынғы үйіміз қандай болды, қазір де сол үйді бізге салып берсе екен деп армандаймыз. Әр жанұя, отбасы өзінің шаңырағына оралып аман-есен, бақытты өмір кешсе, деп армандаймын.

Жаңа тұрғын үйлердің құрылысына облыс бюджетінен 300 миллион теңге бөлінді. Құрылысты тездету үшін көмекке студенттік құрылыс отрядтары тартылмақ.

Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:

Үйдің жиырмасын бастап кеттік. Қыркүйек айының соңына қарай аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осы күнге дейін жердің экспертизасын жасап, құжаттарын дайындап, үйдің проекттарын дайындау жұмыстары аяқталды. 11 проект жасадық. 35 шаршы метрден бастап 100 шаршы метр үйлер салынады. 

Ал жергілікті орта мектеп түлектері үшін биылғы соңғы қоңырау мерекесі екі есе қуаныш сыйлады. Біріншіден, үлкен өмірге жолдама алса, екіншіден, жуық арада баспаналы болады. Су тасқынынан зардап шеккен түлектер болашақ мамандықтарын құрылыс индустриясымен байланыстыруда.

Бек Бекбосынов, түлек:

Су тасқыны болса да, осындай іс шарадан қалмауға бәріміз тырысып, бас қосып осы мерекені жақсы өткіземіз деп ойлаймын. 11 бітіргеннен кейін ЕНТ тапсырып, ЖОО-на түсемін.

Жүзден аса тұрғынға үйлерін жөндеуден өткізу үшін қаражат та бөлінді. Ал су қоймасының өзін қалыпқа келтіру мәселесі әлі де шешілмей тұр. Бұл сұрақ сот отырысынан кейін оң шешімін табады деген үміт бар.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА