Павлодардың іргесіндегі Кенжекөл ауылында электр тоғын тарататын
трансформаторлар бар, бірақ жарық жоқ. Тұрғындардың үйлеріне электр қуатын
тартқыза алмай жүргендеріне 10 жылға жуықтапты. Айтуларынша, бармаған жер,
баспаған табалдырық қалмаған. Қалаға жақын болғанымен, өркениеттен алыс
ауылдағы 30-ға жуық отбасының жайы Әсемгүл Мұхитқызының
назарында.
Почему вы не слушаете нас? - Есть аким, который интервью полномочен давать.
Я не имею права.
Бұл - Кенжекөл ауылы әкімдігінің өкілі. Тұрғындармен сөйлеспек түгіл,
сұрақтарына жауап қатпастан қашты. Халықтың проблемасы бұл жолы да шешілмеді.
Ауыл тұрғындары электр желілерінің жоқтығына наразы. Жарығы жоқтар көршісіне
тәуелді. Өз беттерінше кабель тартып алған. Жер үстімен тартылған тоқтың адам
өміріне қауіпті екенін біле тұра, қолдан келер қайран жоқ дейді.
Біз сендерден ақша сұраған жоқпыз. Бір тиын да. Бізге тек жарық берсеңіз
болды. Баланы оқытамыз ғой, жұмыстан келген соң.
Электр қуатына зәру Гүлзада Мұқашева 29 мамырды асыға күтіп жүр. Өйткені
қалалық құрылыс бөлімі сол күні электр энергиясын қосуға уәде берген. Бұл
жайында аталған мекеменің тұрғындардың шағымына жауап ретінде жіберген хатында
жазылған.
Гүлзада Мұқашева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
Умывальник, туалет, аристон барлығын сатып алдық. Тұр. Свет жоқ.
Балаларымыз, немерелеріміз үйде жуына алмайды.
Дәл осындай жағдай бұл аумақтағы 30-ға жуық отбасының басында бар. Жарыққа
зәру тұрғындардың алды 10 жылға жуықтапты. Жер телімін алған кезде билік бірден коммуникация тартуға уәде берген. Бірақ уәденің сөз жүзінде қалғанына назалы.
Тамара Қанаева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
Ешкімнен ештеңе сұраған жоқпыз. Жер сатып алдық. Құрылыстың материалдарының түгелін сатып алып, үй салдық. 6-7 жыл алыстық міне. Қашан болатынын мен тіпті білмеймін.
Осыдан үш жыл бұрын Кенжекөл ауылындағы жаңа үйлер салынған аумаққа бес
бірдей трансформатор орнатылды. Тұрғындар жарықты тез арада өздеріне алу үшін
барлық құжаттарын жасап қойғанын айтады. Алайда наурыздың басында оның біреуі
құлап қалған. Енді биліктің өзіндік сылтауы бар. Олардың айтуынша, бұл қондырғы
жөнделмей жарық берілмейді.
Трансформаторлар тетіктерінің ұрланғанын жергілікті құрылыс бөлімі де
растап отыр. «Осы олқылықтың да электр қуатын қосу ісін кешеуілдеткені
рас»,- дейді. Қазір нысандарды бақылауға алып, күзет қойған. Жалпы, Кенжекөл
ауылын электр желісімен қамту ісіне бюджеттен 49 млн теңге жұмсалған. Бірақ бұл
ақша ауылды жарықтандыруға жетпейді.
Ержан Асылбаев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
Шілдеде бюджет қайта нақтыланады. Сол кезде біз қосымша қаржы
сұрауды жоспарлап отырмыз. Алдын ала тексеру жұмыстарына шамамен 3-5 млн теңге
керек. Бәрі дұрыс болса, желі іске қосылады. Сөйтіп, тұрғындарға жарық жаздың соңына
дейін беріледі.
Кенжекөл ауылындағы түйткілді мәселе жарықтан басқа да жетерлік. Жол деген
атымен жоқ. Сондықтан бұл жаққа қоғамдық көлік қатынамайды. Ал аялдамаға жету
үшін тұрғындар екі-үш шақырым жаяу жүруге мәжбүр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ