$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы туралы меморандумға қол қояды

AstanaTV
28.05.2014ж. 20:00
1105
Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы туралы меморандумға қол қояды

Қазақстандағы тұңғыш Атом электр стансасы елдің шығысындағы Курчатов қаласы аумағында бой көтеретін болды. Қазақстан мен Ресей 29 мамыр күні АЭС құрылысы туралы меморандумға қол қоймақ. Бұл маңызды құжатты қабылдау Ресей басшысы Владимир Путиннің сапарына орайластырылып отыр. Атомды бейбіт мақсатта қолдану тұрғысында 4 бірдей құжатқа қол қойылмақ. Бұл жөнінде «Интерфакс Қазақстан» ақпарат таратты.

Ал, ертең Астанада Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қояды. 700 беттік тарихи құжат 28 бөліктен тұрады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы Мақсат Мұқанов Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстанға тигізер пайдасы жөнінде әңгімеледі. Еуразиялық интеграция тауарлар мен қызмет көрсету құнының төмендеуіне ықпал етуі әбден ықтимал. Бәсекелестіктің артуы өндірушілерді бағаны түсіруге мәжбүрлейді.

Ал, отандық кәсіпорындар мықты бәсекелестерінен қалып қоймау үшін сапаға басым бағыт береді. Экономисттің пікірі осындай. Астанада қол қойылатын тарихи құжатты қабылдар алдында сарапшылар одақтың тиімді тұстары жайлы тағы бір айтып өтуді жөн санапты. Құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ көлемі 2 триллион АҚШ долларынан астам 170 миллион адамды қамтитын алпауыт нарық қалыптаспақ.

Мақсат Мұқанов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті:

Тұтынушылар үшін басты пайда, Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін сапалы, әрі арзан тауарлар. Келісім-шарттың тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған арнайы бөлігі де бар. Оған сәйкес өнім сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА