$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Қызылордада бір телімнің екі қожайыны дауласып жатыр

AstanaTV
28.05.2014ж. 20:00
1978
Қызылордада бір телімнің екі қожайыны дауласып жатыр

Қызылордада жер дауы. 10 соттық жердің екі қожайыны табылды. Бір қызығы, екеуінде де заңды құжаттар бар. Бірінің, жерге ие екенін жер мамандары дәлелдесе, екіншісін сот дәлелдеп беріпті. Кімдікі дұрыс, кінә кімнен? Осы сауалдарға жауап таппаған Салтанат Садыханова бүгін арнамызға көмек сұрай келді. Мәселені әріптесім Шарипа Сақтапова зерттеп көрді.

Талаптан көшесіндегі 129-үй. Қаланың шет аймағында орналасқан осы мекен-жайға Салтанат күніне бір мәрте соғып кетеді. Айтуынша, ол осы жер телімін өткен жылы сатып алған. Үйдің іргесін қалап, су құбырлары мен электр сымдарын тартып үлгерген.

Салтанат Садықанова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Айскартадан көтерткізіп, дұрыс па, бөтен біреудікі болмай, накладка болмай ма? Қазір небір жағдайлар болып жатқанда, сондай жағдайға ұшырамайын, ертең аузым күймесін деп, барлығын тексертіп сөйтіп алғанмын. Омаров келіп, қазықтарын қазып, еш уайымдамаңыз, осы жер Сіздікі деп маған анықтама берді.

Үлкен жоспармен құрылысты бастамақ болғанда, аяқ астынан жердің жаңа қожайыны табылған. Осыдан кейін Садықановтардың мазасы қашып, құзырлы орындардың есігін қақты. Жерді қазір иеленіп отырған Нұрлыбек Қайрақбаевтың айтуынша, соттың барлық сатысы жер иесін анықтап берген.

Нұрлыбек Қайрақбаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Қалалық сотқа, кассациялық және апелляциялық сотқа арыз тастап, оның жері емес екені анықталды.

Республикалық «Жер ғылыми-өндірістік орталығының» қалалық бөлімшесіндегілер бұл мәселенің қалай туғанын әлі күнге түсінбей дал. Дегенмен, қандай да бір қателік жіберілсе, оған еш қатысымыз жоқ деді.

Қуаныш Омаров, «ЖЕР ҒОО» РМК Қызылорда филиалының маманы:

Қателік кеткенде, негізі, ол жер қатынастарымен белгіленіп келген құжат. Сол құжатқа сәйкестендіріп жұмыс жасаймыз.

Заңгер, адвокат Мұхаметқали Мадияровтың айтуынша, сот ресми дәлелденген құжаттарды қаперге алмаған. Сондықтан, екеуіне де Жоғарғы сотқа шағымдануға кеңес береді.

Мұхаметқали Мәдияров, адвокат:

Көшпелі мәжіліс сот отырысында Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі, мемлекеттік жер ғылыми-өндірістік орталығы өкілі Қызылорда филиалынан Қаламанов қатысады, Омаров Қуаныш деген маман қатысады. Бұл жерде өлшеу болады, сол жерге төрағалық етуші судья өзі де барады, қызметкерлер, тараптар барлығы. Бұл жер Садыханованікі деп ресми түрде қорытынды береді сотқа.

Жер дауының нүктесін қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы шегелеп берді. Түсініспеушілік орын алған деп отыр. Жер иесі Садыхановтар екенін айтады.

Мырзахмет Дүйсебаев, Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Жер ғылыми-өндірістік орталығы бөлімшесінің мамандары көшенің арғы бетінде орналасқан жер телімін, Садықанованың учаскесінің үстіне әкеп орналастырған. Бұл түсінбегеннен болған ба, білместік па, ол жағы белгісіз. Бізде бар құжаттарға сәйкес, бұл жердің егесі - Садықанова. Ал екінші адамның жері көшенің арғы бетінде орналасқан.

Дегенмен, заңды дәлелдерге қарамастан, Талаптан көшесі 129-үйде Садыханова тұрмайды. Басқа адам иеленген. Нұрлыбек Қайрақбаев ол жерге үй тұрғызып алыпты. Салтанат Садықанова енді Жоғарғы соттан ғана үмітті.

Шарипа САҚТАПОВА