Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Адасқандар... Экстремизм бойынша сотталғандар

AstanaTV
14.05.2016ж. 20:00
2694
Адасқандар... Экстремизм бойынша сотталғандар

94-тегі Бүркіт ақсақал бассейнде балықша жүзеді, шахмат ойнайды. Санасы сергек. Бейнелеп айтқанда Бүркіт болып қалған. Ардагер туралы сәл кейін. Ал қазір тоқталатынымыз,  30-да «орда бұзуы» тиіс кейбір жігіттер ...түрмеде отыр. 

Бұрын да айтып жүрміз - таразының бір басында  рухани жүдеу, оның ішінде ішкі дүниенің аласұруы мен сол аласұртқан сауалдарға жауап таба алмау немесе қате жауаптар алу тәрізді факторлар тұр. Ал екінші басында – жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік, жемқорлық сияқты дерттер.

Расул Жұмалы, саясаттанушы: (20.06.2015 ж.):

Неліктен біздің жастар кетіп жатыр? Ол ең алдымен осындай идеологиялық, ақпараттық насихат, шабуыл десе де болады, интернет, басқа да жерлерден келе жатқан. Оның арасында түрлі әлеуметтік түйткілдер бар, жастар неліктен барады? Түңілгендіктен, өз жанында әділдікті көрмегендіктен, жемқорлық болсын, жұмыссыздық болсын, осындай шарасыздықтан көп жағдайда осындай жағдайға душар болып жатады. Енді бір жағы - сауатсыздық, жалпы сауатсыздық, оның ішінде діни сауатсыздық.

Ең жаманы - осы мәселені қоғамның бүге-шігесіне дейін талқыламайтыны. Әйтпесе қазақтың жігіттерінің қасиетсіз соғыста жүргені, кейбірінің бала-шағасын ертіп кеткені және сол адасқандардың көбейіп бара жатқаны алаңдатып ғана қоймайды, шошындырады. Бұл расында жасырын жүргізетін майдан емес, бұл бірінші кезекте ми майданы. Бұл дендегені  білінбейтін обыр сияқты. Рухани, мәдени, тіпті идеологиялық тұрғыдан алғанда қоғам мүшелерінің қарама-қарсы полюстерде жүргені соңғы жылы анық байқалды. Ол да күрделі мәселе. Бірақ нақ осы мәселе бойынша – атын жамылып, қасиетті дінімізді қорлап жүргендерге барып қосылу, қайдағы біреулердің мүдде тартысында қолшоқпарға айналу бойынша жұдырықтай болып күресе алар едік. Ол үшін қоғамды процеске араластыру керек... Адасқандар туралы кезекті материал. Базаргүл Нәдірқызы әңгімелейді. 

Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса. Алайда Жайнарбек Сапановтың үйіріне қосылуы үшін тар қапаста, туыстары мен отбасынан жырақта 5 жыл  өткізуге тура келеді. 39 жастағы атыраулық азамат өндірістік жарақат алып, отадан аман-есен шыққан соң, Алла тағалаға тәубе қып, намазға жығылыпты. Кейін киім-кешек саудасымен айналысуға кіріседі. Табыс молайып, таныстары арасында өзі секілді намазға жығылатын жамағат та көбейеді. Пікірлестер ұялы телефонмен  бір топ ашып,  ғаламтордағы  жиһадқа шақырған  бейнероликтер мен хабарламаларды  таратып отырған.  Жайнарбек «бұл ісім қоғамға зиян келтіреді деп ойламадым»,-  деп өкінеді. Бірақ тым кеш. 

Жайнарбек Сапанов, жазасын өтеуші:

Білімім тайыз болды бұл жолда. Қателестім. Қателігімді сотта да мойындадым.  Анама да хат жазып жібердім. Әкеме де айттым түсіндіріп. Жолдасым да түсінді.

Қазір Атыраудағы колонияда отырған Жәнібек те «мұсылман бауырларын құтқарамын» деп, Ауғаныстанға барғандардың бірі. Ата-ана, бауырларына бір сөз айтпастан, жинаған екі мың АҚШ долларын қалтаға басып,  кете барған.

Жәнібек Шүйіншібаев, жазасын өтеуші:

Шығыңдар, Аллах жолында жиһадқа шығыңдар. Әсіресе, Ауғанстан жеріне. Ауғанстан жері  Америкадан, НАТО-дан қиыншылық көріп жатыр. Мұсылманға жәрдем беру борыш, күштері жетпей жатыр деп үндеу тастады. Яғни Алла жолында қасиетті соғыс деп.  Ешкімді ерітпестен жалғыз өзім кетіп қалғам.  Яғни бәрі Заңды түрде, ұшақпен, туризм сияқты Қазақстаннан Турцияға, Турциядан Иранға бардым, Ираннан Пакистанға барып, Сол Пакистанның аумағында Вазирстан елді-мекенге бардым

Жәнібек Ауғанстанда  3 ай бойы таулы аймақтағы ауылды күзеткен.  23 жастағы жігіт теріс ағым жетегінде кеткенімді  сонда ғана білдім,- дейді.  Ол жерде мұсылмандар Америка әскерінен қысымшылық көрмеген. Керісінше, жихадшылардың бір-біріне оқ ата салатынын көріп, жағасын ұстаған. Жәнібектің  көзінше 4 адам мерт болыпты. Досы да  тапсырма кезінде опат болған. 

Жәнібек Шүйіншібаев, жазасын өтеуші:

Видеода пропагандадағыдай емес, көрсетіп жатқандай емес, басқаша болып шықты. Кейде жамағаттар арасында  өзара қырқыстар бар.  Солар түсініксіз болды.  Бір біріне жау болып, мұсылман деп қарамайды, сені өлтіремін деп  ілінісіп қалады.

Енді ес жиғанда кеш болды.  Қазақстанда іздеу жарияланған Жәнібек Түркия шекарасында  ұсталып, елге эстрадицияланды. «Террористік топқа қатысу, іс -шараларына араласу» бабымен 10 жылға сотталған.

Жәнібек Шүйіншібаев, жазасын өтеуші:

Менде білім болмады. Медресе оқымадым.  Ең бірінші амал етпестен бұрын  білім алар едім.  Дұрыс көзқарас тану  үшін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білу үшін.  Содан кейін барып әрекет етер едім.  Діни білімім болмады да, сондай ықпалмен кетіп қалдым.

Атырауда УГ - 157/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар арасында терроризмді насихаттау,  қаржыландыру, террористік топ мүшесі  болып, іс-шараға қатысу бабымен жазасын өтеп жатқандар баршылық. Нақты саны айтылмайды. Олардың теріс ағыммен уланған санасын  түрме режимі  түзеуі неғайбыл. Сондықтан теологтар апта сайын жүйелі түрде дәріс оқиды. Нәтиже жоқ емес. Теолог  Қанат Жұмағұл  екі жылдың ішінде 15 шақты  сотталушының  дәстүрлі дінге оралғанын айтады.

Қанат Жұмағұл, теолог:

Бастапқыда түрмедегі азаматтармен жұмыс жасау бізге қиындық келтіреді. Бірінші келген кездерімізде қабылдамайтын жағдайлар болды. Бірақ кейін бірте бірте кәдімгі араб тіліндегі жазылған мәтіндерді  келтіріп оқып отырып, құранның аяттарын, дәстүрлі діни бағыттағы ғалымдарымыздың сөзін келтіріп отырып, өзіміздің ығымызға қарай бағындыра алдық деп айтуға болады. Әлі де жұмысты көп жасауды қажет етеді. Себебі теріс бағыттағы жастарымыз  толық қайтты деп айту қиын. Себебі абақтыда жатқаннан кейін шыны керек, дәстүрлі бағытқа қайттым деп айтатындар бар іштерінде. 

Теологтар сырт көзге исламның тура жолын ұстанғандай көрінетіндердің арбауынан сақтануды ескертеді. Атырауда  тіпті жұма намазға бармайтын  діндәрлар пайда болған.Қоғамға ең қауіптілер - солар,- дейді теологтар.

Айбек Аташев, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:

Дәстүрлі емес діни бағыттағы жүргендер біздің Атырау қаласындағылардың көпшілігі дерлік, өздері ішінен іріп, 7-8 топқа бөлініп кеткен.  Мемлекетті қолдаймыз, билікке бағынамыз, билікті мойындаймыз, имамдардың айтқандары дұрыс, имамдарды тыңдау керек деп, сырт көрініске солай айтқанымен, іштерінде өздерінің сандарын көбейтіп, астыртын жұмыс жасап жатқандар да бар.  Өз араларында бөлініп кеткендерінің ең сорақысы мынау, мешіттегі намазға, тіпті жұма намазына келмейтін топтар да пайда болды.

Тағы бір «құрбан»  - Оразбек Аманкелдиев. 17 жасында намазға  жығылған бозбала оң-солын толық танып үлгермей жатып, көршілерінің уағызына  еріп кеткен.

Оразбек Амангелдиев,  Атырау қаласының тұрғыны:

17 жасымнан 5-6 ай өткеннен кейін  бір адамдармен жолығып, салафит бағытқа түстім. Сол адамдар уағыздарын тыңдатумен болды, сабақтарды өтумен болдым. Сабақ өту кезінде ешқандай қазақтың салт-дәстүр адасушылыққа шығару туралы естідім, туған күн болмайды, адамның қайитқаннан кейін 40, 100 күні бидағат дейді. Ондағы мақсат - біздікі тура жол. Кімде кім тура жолдан басқаша пікірде болса , олар адасушылықтар...

Теріс ағым Күләш апайдың отбасының  да шырқын бұзды. Намаз оқып жүрген жалғыз ұлы намазға жығылған қызға үйленген. Бірақ келінінен мұсылманға тән ибалықты байқамаған ана балаларының теріс жолға түскенін ұғады.

Күләш, Атырау қаласының тұрғыны:

Не болса соны дау қылады. Туындап келе жатқан дауды көтереді. Керісінше сол сауды ушықтырмаудың амалын жасамайды. Аяқ көтеріп тепті де. Тіпті қарғыс сөздер де айтып кетті ауыр.  Ауызы күйген үріп ішеді дейді. Енді балама дұрыстап қарап, оңды-солыңа қарап үйлен деп айтып отырмын.

Кейіпкерлеріміздің санасын теріс  ағым оңай жаулаған. Өйткені, діни сауаты жоқ жандарды бағындыру, икемге көндіру - жеңіл.  Ал адасқан жандарды қасиетті ислам дініне  орталтуға өте көп күш жұмсау керек.

Еркінбек Шоқай,  Атырау облыстық дін істері басқармасының бастығы:

Теріс ағымдағы өзіне еруші жасқа алтернатива қалдырмау керек. Ол өзіне бір ерген адам оларға тек қана ақиқат осы екен ғой деп журе беру керек. Әрине соны ғана тыңдайтын болса, салмақтау, дұрыс-бұрыстығын саралау болмайды. Бұл енді әрине, арнайы жобаның ережесі екені белгілі. Сәләфиліу, уахабилік ағым, идея, арнайы жоба. Арнайы жобаның ережелерінің бірі. Осы проблема біз күнделікті жұмысымызда соқтығысамыз.

Былтыр аймақта  ағартушылық бағытта 28 бейнеролик, 5 деректі, 3 қысқа метражды фильм түсірілген.  Олар шытырман ойдың шырмауында жүргендердің көкейіндегі біраз сауалдарға жауап береді. Атырауда адасқан 167 адам дәстүрлі дінге бет бұрған.  Бірақ  адасып, мүдделі топтардың қолшоқпарына айналып жүргендер  әлі де жетеді.  Оған дәлел  соңғы үш жарым жылда 250 мыңнан астам адам  опат болған, соңғы кезде жер жүзіндегі ең қатерлі аймақ - Сирияға жалған хиджра жасауға баратындар шықты. Олармен күрес майдандағы қарулы күрестен де қиын.

Базаргүл Нәдірқызы, Нұрбол Мұғалім «Біздің уақыт».