Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мысырдағы туристер елді тастап кетіп жатыр

AstanaTV
09.11.2015ж. 20:00
2213
Мысырдағы туристер елді тастап кетіп жатыр

Ұшақ апатына жарылғыш заттың іске қосылуы себеп деген нұсқаны Мысыр билігі де назарға алған секілді. Бүгінде әуежайдағы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ал туристер жолдамаларының мерзімі аяқталмай, елді тастап кетіп жатыр. Шарм-Эль Шейхқа іссапармен барған тілшіміз Илхам Ибрагим де елге қайтарда әуежайдағы қарбаласты көзімен көрді. Қауіпсіздік шараларының күшейтілгені сондай, журналистерге бейнекамерамен жұмыс істеуге рұқсат етілмеген. Ұялы телефонға түсірілген дүрбелең тілші материалында. 

Ұшақ апатынан кейін Мысырдың Шарм-Эль Шейх қаласындағы ең шағын әуежайда нағыз дүрбелең басталды. Туристердің бірәзі өздігінен, ал көп бөлігі осындағы елшіліктердің бұйрығымен елді тастап кетуге ұмтылуда. Адам саны көптігі мен қауіпсіздік шараларының күшейтілуі салдарынан әуежай мамандары қызмет көрсетіп үлгермей жатыр.

Илхам Ибрагим, тілші:

Біз қазір Египеттегі Шарм-Эль Шейх қаласындағы әуежайда тұрмыз. Мұнда мұншалықты көп адам ешқашан болған емес. Өйткені дәл қазір қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бір адамды жарты сағатқа дейін тексеріп жатыр. Мұндағылардың басым бөлігі туристер, көптеген елдер өз азаматтарын мерзімінен бұрын әкетіп жатыр. Әсіресе ресейліктерді. Ресейліктерге жүктерді, қол жүктерді тастап кетуді бұйырған. Оны Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің ұшақтары келіп әкетеді. Қазір жағдай осындай. Жолаушылар шыбын жанын шүберекке түйіп, шықпа жаным шықпамен тұр.

Ресей азаматы:

Адамдар бөлек, жүктері бөлек ұшып жатыр. Біз де тастап келдік. Бір сағаттай болды, әуежайға кіре алмай тұрмыз.

Мұндағылар ұшақ апатынан кейін қатты қорқып қалғаны сонша, жүктерін тастап кетуге де қарсы емес. Демалыстары уақытынан бұрын үзілгеніне да қарсылық білдіріп жатқандары шамалы.

Рига азаматы:

Біздің демалысымыз тағы бір аптаға жалғасуы керек болатын. Бірақ бүгін әкетіп жатыр. Ештеңе айтпады, тек тезрек ұшу керек, деді. Егер қазір арнайы ұшақпен ұшсаңдар, жүктерді әкетесіңдер, егер демалыс біткен соң чартермен ұшсаңдар, қалдырасыңдар, деді.

Мысырдағы қазақстандықтарға да, қажет болса, жүктерді қалдырасыңдар деген болатын. Олар да әр сөмкесіне аты-жөндерін жазып, әуежайда кезек күтіп тұр.

Қазақстан азаматы:

-Чемодан қалып қоюы мүмкін деді ме? Ия, жазып қойыңдар, сосын кеш келуі мүмкін, деді. -Басқа рейспен? Ия, біз Астанаға ұшып жатырмыз. Енді қалдыру қажет.

Бірақ соңында қазақстандықтар өз жүктерімен ұшты. Дегенмен, қазақстандық әуе компаниялары жолаушыларды ұшақ маңында өз жүктерін тануға мәжбүрледі. Ал иесі табылмаған жүктердің қауіпті зат деп табылып, сол мезетте жойылатыны хабарланып жатты. 

Айта өтейік, бірнеше елдердің, оның ішінде Ресей де бар, Мысырға ұшақ рейстерінің тоқтауы салдарынан бұл ел тек қыс айларында 500 млн доллар қаржыдан қағылады.

Илхам ИБРАГИМ