Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

9-мамыр – Жеңіс күні. Биыл Баубек Бұлқышевтің 100 жылдығы

AstanaTV
14.05.2016ж. 20:00
3974
 9-мамыр – Жеңіс күні. Биыл Баубек Бұлқышевтің 100 жылдығы

Президент 8,9-мамырда Мәскеуде болды - Ресей президентімен кездесті, Ақ Орда сайтының хабарлауынша, екіжақты қарым-қатынас аспектілерін, аймақтық және халықаралық мәселелерді талқылаған.

Белгісіз солдаттың қабіріне гүл шоқтарын қойды, әскери парадқа қатысты. Путин «Сіздің осында келуіңіз біздің сенімді нығайтып, достық байланыстарды дамытуға жақсы шарттар жасайды»,-деді... 

Бейнеқыстырма

Биыл Баубек Бұлқышевтің 100 жылдығы. Ұлытау бауырында дүниеге келген ол 1932 жылы Қарсақбай зауытындағы фабрика-зауыт училищесіне түсіп, 1937 жылы Алматыдағы сауда-қаржы техникумында оқиды. Ал 1939 жылы «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер болады. 1940 жылы әскер қатарына шақырылады. Мәскеудегі саперлер дайындайтын училищеде оқиды. Соғыс басталғанда ол әрине, соғысқа аттанады. Мәскеуді қорғауға, Украинаны азат етуге қатысады.

Баубек Бұлқышев әскери тілші болды. Ол очерктерінде қазақ жауынгерлерінің қайсарлығын баяндады. «Комсомольская правда» газетінде жарияланған өршіл публицистикалық мақалалары «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат», «Өмір біздікі», «Кавказ, тыңда!» ...Ғабит Мүсірепов қазақшаға аударып, «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған. 

Ал ол туралы алғаш жазған, «Қош бол, Шығыс ұлы!» деген мақаланың авторы  - жерлесі – Ұлытаудың тағы бір ұлы, бір жылы туған құрдасы, Баубек сияқты ФЗУ –да, сауда-қаржы техникумында оқыған, кейін белгілі жазушы болған Мұқан Иманжанов еді. Иманжановтың та биыл жүз жылдығы.

Ұлытаудың тағы бір ұлы туралы. Мына көріп отырған деректі фильмдегі кейіпкердің бірі Серікбай Асатов. Бұл фильмді 1978 жылы Юрий Пискунов түсірген – «Байқоңырдан шыққан екеу» деп аталады.

Серікбай Асатов 1912 жылы дүниеге келген. Әлгі ФЗУ-да ол да оқыған. 1933 жылы әскери ұшқыштар мектебіне түскен. Бітіргесін Мәскеудегі Внуково әуежайында ұшқыш болып істейді. 1940 жылы бомбалаушы авиация полкінің звено командирі ретінде Фин соғысына қатысады. Ал кейін Мурманскіде шоғырландырылған авиация полкінің эскадрилья командирі ретінде Берлинді бомбалауға қатысқан жалғыз қазақ осы Серікбай Асатов. Ол әйгілі ИЛ-4 ұшағымен ұшқан. Мәскеу-Смоленск, Орел-Курск бағыттарында соғысты. 1942 жылы Кенигсбергті бомбалап қайтқанында  ұшағы өртеніп, атқыштарына парашютпен секіруге бұйрық беріп, өзі ұшағын Балтық жағалауындағы жау кемесінің үстіне әдейі бағыттайды...

Келесі материал бағдарламаның басында айтқан, 94-ке келсе де БҮРКІТ болып қалған ардагер ақсақал туралы. Бүркіт Есжанов бассейнде балықша жүзеді, шахмат ойнайды. Айжан Қуаштың репортажы.

94-ке аяқ басқан Бүркіт ақсақал,қажыған қарттардың қатарынан емес. Бассейнде балықша жүзеді. Демін баспастан 6 жүз метрге дейін үздіксіз малти алады.Күнделікті 2 сағат серуендейтін әдеті тағы бар. Соның арқасында әдемі қартайып,алаңсыз ғұмыр кешуде.

Бүркіт Есжанов, соғыс ардагері:

Бассейнге барғанда суда жүрген, қозғалмайтын денең болмайды ғой.Соның бәрі ,сөйтсе шынықтырады екен адамды. 10 жылдан артық сөйтіп келе жатырмын.Бір,екі-үш айдан кейін байқасам, жүрегім де жақсы.

Құлаштай жүзетін қария жаттығудан бір мәрте қалған емес. Батыр ақсақалды балалар үлгі тұтып, еліктейтін болған. Қайсар мінезі үшін жаттықтырушылар да жақсы көреді.

Лариса Власова, жаттықтырушы:

Біз оны қатты жақсы көріп, құрметтейміз. Үнемі бірінші жолды береміз. Ол өте жақсы шынығады. Өзінің 90-нан асқан шағында өте жас көрінеді.

Ақсақалдың майдандағы ерлігі де бір төбе. 1943 жылы,19 жасында соғысқа аттанған Бүркіт Есжанов атқыштар дивизиясының құрамында жүріп, Ресей қалаларын қоспағанда, Солтүстік –Шығыс  Қытай мен Моңғолияны  жапон әскерінен азат етуге қатысты. Елге тек 1948-інші жылы ғана оралды.

Бүркіт Есжанов, соғыс ардагері:

Соғыста көрмегенім жоқ қой,суықта да,ыстық та да боласың,аш та боласың. Осының бәрі адамды шынықтырады. Адам өзін-өзі морально сезінетін көрінеді. Еңбек ету керек, шынығу керек. Шынығу,ол-денсаулық деген сол.

Ұлы отан соғысы жылдары майданға 1 миллион 200 мыңнан астам отандасымыз аттанған. Оның 3 тен бір бөлігі қайтып оралмады.  Ғани Ергешов те от кешкен . Алайда,ол майданда болғанын  араға 70 жыл салып, әрең дәлелдеді. Жауынгерлік куәлігін госпитальда жоғалтып алып,кейін қайта жасата алмаған. Ардагердің жылдар бойы ойында жүрген арманын биыл немересі орындады.«Соғыс ардагері» атанғаны сол-ақ екен, шенеуніктер 1 бөлмелі пәтер сыйлапты.

Ғани Ергешов, соғыс ардагері:

Ешкім сұраған жоқ қой ол кезде.70 жыл өтіпті. Архивте болады екен ғой.Балалар барды,таптым,міне.

Еріншек, бойкүйез, сылтау тапқыш, өзінен өзі "шаршап" жүретіндер табанды, төзімді, өмір сүруге құштар жаһан соғысының  ардагерлері туралы осындай материалдарды көрсе, сәл-пәл болса да ұялар ма екен?..

Айжан Қуаш, «Біздің уақыт».