$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Атырау облысы мен қаласы әкімінің автопаркі жаңаланатын болды

AstanaTV
30.05.2014ж. 10:00
1466
Атырау облысы мен қаласы әкімінің автопаркі жаңаланатын болды

Атырау облысы мен қаласы әкімінің автопаркі жаңаланатын болды. Қазір мұнайлы аймақ бюджетінен 14 қымбат көлік үшін 149 миллион теңге бөлініп қойған. Лотқа тапсырыс беруші - облысы әкімі аппараты. Әрқайсысы шамамен 55 мың АҚШ долларына алынатын отандық көліктерге алдымен форумға келетін ресейлік мамандар жайғаспақ.

Нақтырақ айтсақ, алдағы қазан айында Атырауда өтетін Қазақстан мен Ресей елдерінің басшылары қатысатын өңіраралық «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» атты ХІ форумға арнайы алынбақшы. Жаңа көліктер кейін аймақ басшыларының қызметтік көлігі ретінде үлестірілмек. Облыс әкімдігі аппараты басшылығы автопаркті жаңарту үшін ғана деп отыр. Дегенмен, әкімдік былтыр ғана 250 млн теңгеге 50-ге жуық темір тұлпар сатып алған болатын.

Игілік Әубәкіров, Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары:

Алдымен автопаркімізді жаңартқымыз келеді. Облыс әкімдігінің автопаркі былтырды айтпағанның өзінде, 2001-жылдан бері жаңарған жоқ. Мысалы, облыс әкімінің бірінші орынбасары 2001-жылғы көлікпен жүр. Облыс, қала әкімінің де көліктері әбден ескірген. Міндетті түрде бұл көліктерді форум кезінде қонақ күтуге пайдаланатын боламыз. Ресейден 14 губернатор, министрлер мен ірі бизнесмендер келеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек қой.

Айта кетейік, атыраулықтар күзде форумға келетін көршілерді күту үшін дайындықты бастап кеткен. Халықаралық әуежайға баратын жол кеңейтілуде. Артынша әуежай жөнделмек. Орталық көшелер мен алаңдар жаңартылып жатыр. Ол үшін облыс қазынасынан 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу көзделген. Ал форум өзіне 800 мың адамға ресми шақыру жіберілген. Орта есеппен екі мыңдай адам келеді деп күтілуде.

Базаргүл ІЗІМОВА