Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тест науқаны басталды. Сынақтың алғашқы күні
республика көлемінде 27 мың 670 түлек бақ сынады. Тестілеу тәртібі еш
өзгеріссіз. Дегенмен талапкерлер ыңғайсыздық тудырған жайттардың болғанын айтып
шағымданды.
Алматылық талапкерлер аудиториялардағы байланысты тұсайтын
құрылғылар денсаулығымызға кері әсер етті деп шағымданды. Ал тараздық сынақ
тапсырушылар «шпорды» пайдаланған. Жалпы тестілеудің өту барысын әр өңірдегі
әріптестерім бақылап көрді. Түлектер мен ата-аналардың жан толғанысы келесі
бейнематериалда.
Сынақ тапсыруға келген керекулік түлектерді университет жігерлендірер әнмен
қарсы алды. Дегенмен, оқушылардың жанарынан күдік пен үрейдің табын байқау қиын
емес еді. Әсіресе, темір іздегіштер баршаны әбігерге салды.
Міне, тәркіленген негізгі заттар: ұялы телефон, белбеу, сағаттар мен
сырғалар. Ұйымдастырушылар басқадай заң бұзушылықтың болмағанын айтады. Жалпы
Павлодарда ҰБТ-нің алғашқы күнінде 1 мың 782 түлек сынақ тапсырды. Олармен
бірге ата-аналар да қобалжулы.
Айман Омарова:
Жүрегіміз дүрсілдеп тұр енді. Балапанымызды бір Аллаға сеніп, соған жақсы
қуаныш тосып тұрмыз. -Үш сағат бой
осында тұрсыз ба? - Иа, үш сағат осындамыз.
Алматы жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіштері бойынша көштің
басында. Ең үздік оқу орындары орналасқан қала биыл да осы үдеден шығуды көздеп
отыр. Айта кетерлігі, бүгін емтиханға кіріп шыққан талапкерлер арасында
тестілеудің ұйымдастырылуына көңілі толмайтындар да кездесті.
Кәкімжан Мұратов, талапкер:
Мен алдын ала тест тапсыру кезінде де, бүгін де бір нәрсеге көңілім
толмады. Телефон желісін істен шығаратын арнайы қондырғыларды оқушылардың
алдына әкеліп қойды. Бір адам оны біресе қосып, біресе өшірумен жүрді. Ол сынақ
тапсырып отырғандардың назарын бөлді және менің қатты басым ауырды. Сыртқа
шығып жуынып, өз-өзіме келгенімен, ішке кіргенде қайтадан басым аурумен болды.
Осы жағын неге ескермегені түсініксіз.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында бүгін Ұлттық біріңғай тестілеуге 447 түлек
қатысты. Биыл теріскейлік 4059 оқушының 2602-сі маңызды сыннан өтеді деп
жоспарланып отыр. Ал қалғандары дәстүрлі мемлекеттік емтихан тапсырады. Таразда
да тест сынағы терең толқулармен басталды. Таңғы жеті жарымнан Тараз мемлекеттік университетінің алды алаңдаған оқушы мен ата-анаға лық толды. Тараз қаласы
бойынша бүгін 800-ден оқушы сынаққа түсті. Олардың 59-ы алтын белгіден, ал 24-і
үздік аттестаттан үміткер.
Маржан Қожаева, Тараз қалалық білім бөлімінің бастығы:
Тараз қаласында ҰБТ 2 күн жүргізіледі. Екінші және төртінші маусым. Жалпы,
54 мектептің 1817 оқушысы тапсырады. Бүгін бірінші лекте 22 мектептен 887 оқушы
қазір қатысуға толық қабылданды. Жоғары нәтижеге жетеміз деп ойлаймыз. Өткен жылы біз 77,8 пайызға жеткенбіз. Енді биыл одан жоғарылауды күтіп отырмыз.
Сыртта орнатылған бейнебақылау экрандары арқылы талапкерлердің еш
кедергісіз көмек құралдарын пайдаланғанын байқадық. Ата-аналар балаларының тест
белгілеу барысын осы экрандар арқылы бақылап отырды. Түске таман түлектер
аудиториялардан шыға бастады. Қорытындысы шықпай жатып өз-өзіне көңілі
толмағандар табылды. Тіпті көз жасына ерік бергендері бар.
Дегенмен, Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сенсек, келер жылдан
бастап, мектеп түлектерінің емтихандарына біраз өзгеріс енгізілуі мүмкін.
Тахир Балықбаев, ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi:
Биыл ҰБТ соңғы рет өткiзiлiп жатыр деген ақпарат дұрыс емес. Бiздiң
жоспарымыз бойынша, келесi жылы да сынақ осы форматта өтпек. Бiрақ бiзде
мемлекеттiк бiлiм беру жүйесiн дамытудың 2020 жылға арналған бағдарламасында
2015 жылдан кейiн мектеп бiтiрген оқушылардың емтихандарына өзгерiс енгiзу
көзделген. Оны қазiр арнайы комиссия талқылап жатыр. Содан кейiн 2016 жылдан
соң енетiн болса, айтатын боламыз.
Айта өтейік, ел аумағы бойынша, 133 мың түлектің 92 мыңы ұлттық тестілеу
сынағын тапсыруға өтініш білдірген. Науқан арнайы жабдықталған 155 пунктте
маусымның 2-сі мен 9-ы аралығында өтеді.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Абзал ҚҰРМАНКИН, Данияр ӘЛІМҚҰЛ